Қоғам

Орталық базар маңындағы сауда павильондары бұзылмақшы

Саят Ермек – тілші:


– Киім кешек, ұсақ техника және ломбардтар! Интернационал көшесінің бойындағы бұл 30 шақты сауда павильоны – бүгінде 100-ден астам жерлесіміздің жалғыз табыс көзі. Алайда, қалалық әкімдік жерді мемлекеттен жалға алған кәсіпкерлерден телімдерді қайтарып алып, соққан дүңгіршектерін бұзбақшы. Олар өз кезегінде жергілікті биліктің бұл әрекетін заңсыз деп отыр.

Аталған мәселе осымен екінші жыл көтеріліп келеді. Былтыр, маусым айында Петропавл әкімдігі бұл павильондардың қызыл сызықта орналасқанын алға тартып, бұзып тастамақшы болған. Алайда, жерді жалдап отырған кәсіпкерлер нысандардың заңды орналасқанын сот арқылы дәлелдеген болатын. Ал жуырда шаһар басшылығы жаңа шешім қабылдаған.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Сәуірдің 19-ында қала әкімінің қаулысы шықты. Ол жалға алынған жер телімдері мен ондағы жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі түрде қайтарып алуды көздейді. Себебі, мұнда энергетикалық нысандардың құрылысы мен жер асты жарық желілерін өткізу көзделген.

Алайда, бұл қаулы қаншалықты заңды? Қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрғасы Олег Хрупин жерасты жарық желілерін тартудың схемасын бастан аяқ зерттеп шыққан. Тіпті, мемлекеттік экспертиза шешімін сұрап, петропавлдық сараптау орталығына хат та жолдапты. Оған қатқан жауабында сарапшы жаңа жарық бағандары мен оларға тартылатын жер асты желілерінің сауда нүктелері орналасқан телімдер арқылы өтпейтінін жазған.

Олег Хрупин – Петропавл қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:

– Схема бойынша жарық кабелі кәсіпкерлерге тиесілі жер телімдерінен 60 сантиметрден бір метрге дейінгі қашықтықта өтуі тиіс. Яғни, сауда орындары бұған еш кедергі келтіріп отырған жоқ.

Сондықтан, төраға әкімдіктің бұл шешімі жер туралы кодекске қайшы келеді деп отыр.

Олег Хрупин – Петропавл қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:


– Бұл дүңгіршектер қорғау аймағын ескере отырып, нормаға сай тұрғызылған. Олар жарық желілерін өткізуде еш кедергі тудырмайды. Мұны мемлекеттік сарапшының өзі жазып отыр. Яғни, билік пен кәсіпкерлердің мүддесіне қайшы келмейді. Заң бойынша павильондарды сүруге еш негіз жоқ.

Қала басшылығының мұндай шешіміне сауда дүңгіршектерінің иелері де, оны жалдап отырған сатушылар да наразы. Себебі, олар жалғыз табыс көзінен айырыламыз деп отыр. Мәселен, Қуат Алланиязовтың мұнда жалпы ауданы 48 шаршы метр болатын жер телімі, онда 2013 жылы тұрғызған 4 павильоны бар. Бүгінде кәсіпкер бәрін жалға беріп, 6 балалы отбасын асырап отыр.

Қуат Алланиязов – “Махамбетова К.У.” ЖК директоры:


– Отбасына табыс әкелетін мен ғана. Егер барымыздан айырылсақ, басқа жұмыс табу қиын болады.

Әкімдіктегілер сүрілген сауда нүктелерінің құнын бағалап, қожайындарына өтемақы төлеуге дайын. Алайда, жалға алған жерінен, табыс көзінен айырылғысы келмейтін бизнесмендер қаулының заңға сай еместігін алға тартып, сотқа арыз жазыпты. Алғашқы отырыс бүгін өтті, алайда іс тамыздың 23-іне шегерілген. Сондықтан, павильондар бұзылып, жер телімдері мемлекеттің меншігіне қайтарыла ма, әлде мұндағы қызу сауда жалғаса бере ме? Бұл сұрақ әзірге ашық қалып отыр.


 

Саят Ермек