МТРА жаңалықтары

Тамыздың бірінші жексенбісінде көлік саласы қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді

Жаздың ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан бұл жандардың темір тұлпарлары әрқашан сайлаулы тұрады. Бірі тауар, басқалары жолаушыларды тасымалдайды. Көлік тізгіндеуге тәуліктің қай мезгілінде болсын даяр отыратын жерлестерімізді кәсіби мерекелерімен өңір жетекшісінің атынан орынбасары Антон Федяев құттықтап, облысымыздағы көлік- логистикалық инфрақұрылымның әлеуетіне тоқталды.

Антон Федяев – облыс әкімінің орынбасары:


– Көлік саласы экономиканың күре тамыры. Облыс аумағында 200 автобус бағыты жұмыс істейді. Күн сайын қоғамдық көліктер өңірдегі 500 елді мекенге қатынайды. Сондай-ақ, облысымызда Петропавл Халықаралық әуежайы жұмысын жандандырды. Ендң ондағы ұшып-қону жолағы әуе кемесінің кез-келген түрін қабылдай алады. Қазіргі таңда теміржол вокзалының ғимараты күрделі жөнделуде.Болашақта мұнда жолаушыларға барынша қолайлы жағдайлар жасалады.

Бүгін залда отырған кей жүргізушілердің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ал Қабдірразақ Қажымұратов соңғы 8 жыл бойы автобус тізгіндеп, Ақжар ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді екен. Бұған дейін жүк көліктерін жүргізген жерлесіміз ел жүрегі – Астана қаласының құрылысына ат салысыпты. Кәсіби мерекесі қарсаңында құрметті жүргізуші облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Қабдірразақ Қажымұратов – жеке кәсіпкер, Ақжар ауданы:

– 83 жылдан жеңіл, ауыр көліктерді жүргіздім. 8 жыл бұрын жеке кәсіп ашып, жолаушылар тасымалымен айналысамын. Барша әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын. Жолдары ашық болсын!


Салтанатты жиында бірқатар желсемізге облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды. Ал Семён Иванов “Үздік автомобилист” төс белгісімен марапатталды. Солтүстікқазақстандық өз алдына жеке кәсіп ашып, жолаушылар тасымалын табыс көзіне айналдырған.

Семён Иванов – жеке кәсіпкер:


– Еңбек жолымды қарапайым жүргізушіден бастадым. Бірнеше жыл бойы қаражат жинап, автобустар сатып алдым. Қазіргі таңда 8 қоғамдық көлігім бар. Біраз қиындықтарды еңсердім. Қазіргі таңда тұрғындарды облыс аудандарына және Ресей қалаларына тасымалдаймыз. Кәсіби мерекеде еңбегімнің еленіп жатқандығы қуантады. Барша әріптестеріме зор денсаулық тілеймін!

Өңірдегі көлік-логистика саласына бүгінгі ардагерлердің қосқан үлесі аз емес. Осы орайда, Оспан Байтеміровке “Еңбек ардагері” медалі табысталды. Жерлесіміз аталған салаға 11 жылын арнапты. Құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөліміне жетекшілік еткен.

Оспан Байтеміров – көлік саласының ардагері:

 


– 2004-2013 жылдарды қиын болды. Аудандарда автобус вокзалдарын аштық. Жолаушылар тасымалын бір жүйеге келтірдік.

Сондай-ақ, осы күні көлік саласы қызметкерлерінің біразы ҚР инвестициялар және даму министрлігінің марапаттарына ие болды. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Берік Қасен