МТРА жаңалықтары

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Петропавлда жиын өткізді

 

Биыл Парламенттің жоғарғы палатасының депутаттары 129 заңнаманы қарастырып оның 84-ін мақұлдаған. Енді тек Президент қол қойса болғаны, маңызды құжаттар күшіне енеді. Өзгерістер кеден, салық органдарын, кәсіпкерлік саласын қамтитын болады. Соған сай алдағы уақытта бизнесмендерге біраз жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Ерік Сұлтанов – ҚР Праламенті Сенатының депутаты:


–  Өткен сессияда Парламент кәсіпкерлер Кодексін қабылдады. Ол Кодекте кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік органдардың бақылауын қысқартып, мемлекеттік органдардың бизнеске проблема жасауы шектелген.

Парламентийлермен өткен жиынға ішкі істер органдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен ардагерлер қатысуда. Олар сенаторларға өздерін толғандырған сауалдарын да қоя алды. Солтүстікқазақстандық қарияларды әсіресе, өздеріне қатысты ардагерлер заңының қабылдану мерзімі қызықтырады.

Ерік Сұлтанов – ҚР Праламенті Сенатының депутаты:

– Заң бар. Бірнеше жыл Парламентте қарастырылуда. Оны қабылдайтын болсақ, бюджеттің қаражаты жетпейді. Сондықтан бұл заң әлі қарастырылады.

Депутаттар қазіргі кезде қыруар қаражатты талап ететін қажетсіз жобаларға шығындалғанша, ақшаны халыққа пайдасын тигізер салаларға жұмсаған дұрыс дейді. Айталық, биыл Петропавл қаласында екі мектепті тұрғызуға 850 млн. теңге қаржы бөлініпті. Тағы облыстық онкологиялық диспансерді қайта қалыпқа келтіруге 400 млн. теңге бағытталған. Солтүстікқазақстандықтарды таза ауыз сумен қамтуға – 2,3 млрд теңге қаржы беріліп отыр. Бұдан бөлек, аға буын өкілдерін өңіріміздің демографиялық ахуалы мазалайтын көрінеді. Олар жастардың оқуға және жұмыс істеуге өзге облыстарға кетіп жатқандығын айтып, осыны тоқтататын амалдар қажеттігін тілге тиек етті. Сауалға жауап берген сенаторлар бұл мәселені Елбасы да жақсы білетіндігін жеткізді. Сол үшін де мемлекет басшысы өзінің 5 әлуметтік бастамасын халыққа жариялады дейді Ольга Перепечина.

Ольга Перепечина – ҚР Праламенті Сенатының депутаты:

– Биыл әр екінші түлек отандық ЖОО тегін түсе алады. Тек сұранысқа ие мамандықтарды таңдауы қажет. Яғни, қазіргі күні кәсіпорындарда жұмыс істейтін жандар қажет. Бұрын гранттар саны аз болатын. Сондықтан да жастар өзге елдерге кетіп қалатын. Алдағы уақытта жаңадан жатақханалар да салынып, студенттердің баспана мәселесі шешімін табады. Оқу ордасын бітірген соң олар 7-20-25 бағдарламасы бойынша үй ала алады. Бұл өте тиімді жоба.

Жиынға қатысқандар тағы ішкі істер органдарының жұмысына қатысты өз ұйғарымдарын жеткізді. Бүгіндері жолдарды торуылдаған полицейлердің саны тым көп дейді олар. Сенаторлар бұл мәселені заманауи әдіспен шешу керек дейді. Яғни, цифрландыру жүйесі енгізілсе, құқық қорғау органдарының өкілдері адамдармен бұлай жиі жүздеспейді. Тек бейнебақылау арқылы көшедегі тәртіпті бақылап отырады.

Магжан Ахмадина