МТРА жаңалықтары

Өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

 

Жергілікті, бастысы сапалы. Солтүстік Қазақстандық кәсіпкерлер ішкі және сыртқы нарыққа қандай өнім ұсынады? Ол тауарлардың барлығы мына жердегі көрмеге шығарылған. Байқауға 40-тан астам теріскейлік кәсіпорын қатысып отыр. Айта кетерлігі, олардың арасында “Бастау бизнес” жобасының түлектері де бар. Солардың бірі – қысқартуға іліккен жерлесіміз Күлбаршын Ереженова қол қусырып отырмау үшін сүйікті ермегі – тігіншілікке ден қойыпты. Ол үшін бір ай бойы кәсіп ашып, оны тиімді жүргізудің қыр-сырын меңгерген. Енді өзі тігетін құрақ-көрпелер мен қазақы қоржындарды сатып, шағын ісін дөңгелетіп отыр.

Күлбаршын Ереженова – “Ереженова К.К.” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

Тауарға деген сұраныс бар. Тойға, қыз жасауына тапсырыстар беріп жатады. Табыс азын аулақ болса да, бар.

Ал Гүлшат Шакирова болса “Анолит” атты заласыздандырғыш сұйықтықты өндіреді. Таза су мен натрий-хлоридінің қосындысынан жасалған бұл ерітіндіден бизнесвумен сабын және тазартқыш құралдар жасайды екен. Өнім сапалы, әрі бұқара сұранысына ие.

Гүлшат Шакирова – “Шакирова” ЖК директоры, Петропавл қаласы:


– Бұл – экологиялық таза өнім. Ол адам ағзасын түрлі патогендік бактериялар мен инфекциялық аурулардан қорғайды. Бір жылда сұйықтықтың 300 литрін өндіреміз, ал жыл басталғалы 200-келідей анолит сабынын жасадық”. Тауар теріскейлітер мен елордалықтардың жоғары сұранысына ие.

“Қазақстанның үздік тауары” байқауының өңірлік кезеңіне түрлі кәсіпорындар қатысуда. Араларында машина жасау, өнеркәсіп, экономика, құрылыс және азық-түлік өндірісі салаларының өкілдері молынан.

Саят Ермек – тілші:

Бал, нан мен сүт өнімдері, ет және шұжық. Көрмеге азық-түлік шығаратын солтүстікқазақстандық үздік өндірушілер де өз тауарларын қойған. Оларды тек көзбен көріп қана қоймай, дәмін татып, сапасын тексеруге де болады.

Байқау жеңімпаздары үш аталым бойынша анықталды. Мәселен, “Халыққа арналған үздік тауарлар” номинациясында “Левин” ЖК, “Жиһаз Петропавл” серікстігі және “Пилипушко отбасының омартасы” қожалығы топ жарды, ал үздік “Азық түлік тауарлары” аталымын “Vizavi Company”, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” және “Радуга” серіктестіктері жеңіп алды. “Изолит”, “Киров атындағы Зауыт” және “Көкше техстрой” кәсіпорындары болса, “өндірістік мақсаттағы тауарлар” номинациясында үздік тауар өндірушілер деп танылды.

Иван Радаев – “Көкше Техстрой” ЖШС сату жөніндегі менеджері, Тайынша ауданы:

– Біздің зауыт Тайынша қаласында орналасқан. Біз су, газ және кәріз жүйелеріне арналған полиэтилен құбырларды шығарамыз. Жұмыс істеп жатқанымызға 8 жыл болды. Өнім сапалы, сондықтан үлкен сұранысқа ие. Құбырларды Қазақстанның барлық облыстарына жөнелтеміз.

Байқауда барлығы 9 жеңімпаз компания анықталды. Республикалық конкурста олар Солтүстік Қазақстан өлкесінің намысын қорғайтын болады.

Саят Ермек