МТРА жаңалықтары

Әкімшілік кедергілерді бірлесіп жойылады

Келешекте отандық инвесторлар өңір экономикасына 40 млрд. теңгенің инвестициясын құймақшы. Қазіргі таңда іскер азаматтар 10 жобаның нобайын әзірлеп қойған. Соның екеуі жергілікті “Радуга” компаниясына тиесілі. Аталмыш серіктестік алдағы уақытта көкөніс сақтайтын қоймалар мен сабын шығаратын фабриканың құрылысын бастамақшы. Іс ілгері жылжу үшін жергілікті инвесторға мемлекеттік қызметтер сапалы көрсетілуі тиіс. Олардың тиісті деңгейде ұсынылып, өтініштердің мерзімінде қаралуын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменті қамтамасыз етеді. Қадағалаушы тарап осы жөнінен “Радуга” компаниясының бас директорымен келісім жасасты. Әкімшілік кедергілер туындаған жағдайда серіктестік директоры Дмитрий Шарапаев департаментке жергілікті атқарушы органдардың құйтырқы әрекеті туралы хабар бере алады.

Дмитрий Шарапаев – “Радуга” ЖШС бас директоры :


– Облысымызда әкімшілік кедергілер жоқ емес, бар. Қазіргі таңда мен құрылыс жұмыстарына рұқсат ала алмай жүрмін. Жаз мезгілі өтіп бара жатыр, яғни құрылыс жұмыстары қыс уақытына қалатын болды. Сондықтан алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің жергілікті департаментіне өзім тап болған қағазбастылық фактілері жайлы мәліметтерді беріп отыруға әзірмін.

Сондай-ақ, 6 шетелдік инвестор да облыс аумағында өз кәсібін дамытуға ниет танытыпты. Олар өңір экономикасына жұмыс істейтін 565 млн. АҚШ долларын әкелмекші. Тек басталған іс бюрократияның салдарынан орта жолда тоқтап қалмаса болғаны.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:


– Біздің департамент 5 шетелдік және 7 отандық инвестордың жобасын бақылауға алады. Олар өңірге 207 млрд. теңге қаржы құюға әзір. Біз өз тарапымыздан жемқорлық фактілерінің болмауын қадағалаймыз. Инвесторлар өз кезегінде елімізде бизнесін адал жүргізуі тиіс.

Департамент мамандары қалталы азаматтарға мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз етіп қана қоймай, инвесторларға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер де бермекші.

Берік Қасен