Денсаулық сақтау

Адам өміріне қауіпті дәрілер анықталды

 

Бұл – «Вазар» және «Вазар-Н» дәрілері. Олар тұрғындарға тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізіміне кіреді. Адам өміріне қауіпті деп танылған препараттар Қазақстанда 2010 жылдан бері қолданыста жүр. Облыста бұл өнімді үш мыңнан астам адам қабылдайды екен.

Сүлеймен Уәлиев – Фармация комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– «Вазар» және «Вазар-Н» дәрілерін рецепт бойынша алған облыс тұрғындары өздері қаралып жүрген дәрігерлерге жүгініуі тиіс. Онда мамандар жерлестерімізге препараттың орнына басқасын жазып береді немесе аталмыш дәрілерді дұрыс қолдану жайын түсіндіреді.


Бұл дәрілерге қоса, тағы бір препарат адам өміріне қауіпті болып шықты. Ол «Нортиван». Нақтырақ айтсақ, осы үш медикаменттің де құрамына валсартан кіреді. Ал еуропалық және американдық ғалымдар маусым айында оның құрамдас бөлігі ретінде NDMA-дің қолданылатын анықтапты. Қытай елінде өндірілетін бұл белсенді зат денсаулыққа зиянды. Соныдықтан, қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін жергілікті мамандар науқастарға қауіпті дәрілерді қолданбау керектігін ескертеді.

Сүлеймен Уәлиев – Фармация комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– «СК-Фармация» «Вазар» және «Вазар-Н» дәрілерін қауіпсіз Вальсакор дәрмегіне ауыстырады. Қоймада мұндай препараттың 4 млн данасы бар. Сонымен қатар, департаменттің сайтында арнайы хабарландыру жарияланған. Онда ауруханаларға ашылған, бірақ қорабы сау Вазар дәрісінің қайта қабылданатыны жазылған. Тауардың сериясы келсе болғаны мамандар оларды қабылдай береді.

Бүгінде жоғарыда аталып кеткен дәрілерге қатысты терең зерттеулер жүргізіліп жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, валсартанды апта бойына күнделікті 320 мг тұтынған 5 мың науқастың біреуі қауіпті ісікке ұшырауы мүмкін.

Дана  Ешкенова