Аптадағы маңызды жаңалықтар

2019 жылы жоғары оқу орындарында сырттай бөлімдер жабылады

Қала тұрғыны Ахат Амренов қазіргі таңда жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеп жүр. Жас маман біраз қаражат жинап, 2019 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің сырттай бөліміне оқуға түсуді жоспарлап жүріпті. Өйткені, колледжді тамамдаған соң оқуын жалғастыру мүмкіндігі болмаған. Алайда, енді оған бұл ойын өзгертуге тура келеді. Себебі келесі жылдан жергілікті университетте сырттай бөлім жабылып қалайын деп тұр.

Ахат Амренов – “Экосити” ЖК менеджері:


– Келесі жылы экономист мамандығына оқуға түскім келген. Енді көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарының сырттай бөлімдеріне түсу жағын ойластырамын. Күндізгі бөлімде оқу үшін оған екі есе көп қаражат керек. Ал мен ата-анама ауыртпалық салғым келмейді. Ақшаны өзім жинап, жоғарғы білім алсам деймін.

Бұндай өзгерістер еліміздегі беру саласын ремормалау аясында орын алмақшы. Яғни келесі жылдан бастап жергілікті университетте ғана емес, республикадағы барлық ЖОО-ндағы сырттай оқыту бөлімдері жабылады. Дегенмен, олардың орнына қашықтықтан оқыту форматы енгізілмекші. Сондықтан, жұмыс істеп жүрген азаматтар өндірістен ажырамай жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады. Заңнамадағы бұл өзгерістер тұрғындарға жоғары білімді барынша қолжетімді ету мақсатында орын алуда.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық сауалдар жөніндегі проректоры:

– Келесі жылдан бастап отандық жоғары оқу орындарында білім алу мерзімі қысқарады. Яғни, колледждерді тамамдап келген студенттер бір жарым немесе екі жыл оқуы мүмкін. Бұған колледждер мен университеттердің бағдарламаларын интеграциялап, бір-біріне сәйкестендіру арқылы қол жеткіземіз.

Бір ескертерлігі, бұл өзгерістер қазіргі таңда сырттай бөлімде оқып жатқандарға әсер етпейді. Олар бастаған оқуларын әрі қарай жалғастыра береді. Сондай-ақ, биылша сырттай бөлімдерге оқу түсуге рұқсат етілген. Осы күнге дейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-не 370 жерлесіміз 27 мамандық бойынша сырттай оқуға өтініш түсірген.

Берік Қасен