Қоғам

Петропавлда “Золотой возраст” демалыс орталығы ашылды

Қылқалам, ақ қағаз бен түрлі түсті бояу. Бұл – “Золотой возраст” демалыс орталығындағы көркемөнер шеберханасы. Үйірмеге келгендердің дені қылқаламды қолдарына алғаш рет алып отыр. Бейнелеп жатқандары – пейзаж. Табиғатты әзірге, гуашьпен салып жатқан әуесқой суретшілер кейін пастель мен майлы бояуларды қолдану техникасын меңгеретін болады.

Марина Сахарова – “Золотой возраст” демалыс орталығы көркемдік студиясының жетекшісі:

– Біздің үйірмеге кез-келген адам қатыса алады. Мұнда, алдымен табиғатты салуды үйретеміз. Өйткені, бұл ең оңайы. Сол себепті, зейнеткерлер қазір қоршаған ортаны бейнелеуді үйреніп жатыр. Сурет салу сабақтарымыз әр сәрсенбі сайын, сағат кешкі 6-да өтеді.

Ал, Вера Исатченко ақ параққа ішкі сезімін бейнелегенді жөн көріпті. Орталықтың ашылған күнінен мұнда үнемі келетін қала тұрғыны сурет салудың қыр-сырын біраз меңгерсе керек.

Вера Исатченко – зейнеткер:


–  “Золотой возраст” орталығы көңілімізден шығып отыр. Алдағы уақытта басқа үйірмелер де ашылса, біз үшін жақсы болар еді. Осы бір ай ішінде мен екі сурет салып үлгердім. Жолдастарыма көрсетіп едім, мақтады. Өзім бір марқайып қалдым.

Ал, мына жерде музыканы сүйгендері фортепианода ойнауды меңгереді.
Орталықта аға буын өкілдерін театр өнеріне баулитын мамандар да бар. Осы үш үйірменің ашылуынан жергілікті “Орыс қауымдастығы” ұйымы мұрындық болған екен. 1 айдың ішінде қариялар үйірмелерге зор қызығушылық танытқан. Бүгінде мұнда 20-ға жуық зейнеткер тұрақты түрде келіп тұрады. Алдағы уақытта олардың қатары көбеюуі мүмкін. Өйткені, “Золотой возраст” орталығында тағы би үйірмесін, жаттығу залы мен демалыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Альмира Жетписбай