Мәдениет

Жерлестеріміз ежелгі Тараз қалашынан сақталған жәдігерлермен таныса алады

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша есепке алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы саны 3 мыңнан асып жығылады. Олардың қатарында Тараздың інжу-маржаны саналатын Айша бибі, Қарахан баба, Дәуітбек кесенелері және ежелгі Тараз қалашығы бар. Қасиетті Қазақстан картасына енген бұл ескерткіштердің оюланған кірпіштерін енді өңір тұрғындары да көре алды.

Нұрлыбек Әбілдинов – “Ежелгі Тараз ескерткіштері” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары:


– Шара “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Көрмеде 250-ден астам жәдігер ұсынылған. 2011-16 жылдары қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер. Негізінен мыстан, керамика, алтынан жасалған.

Тараздық археологтардың пайымдауынша, мыс, алтын, күмістен соғылған бұл тиындар 8-ші 12-ші ғасырлардағы өркениетке тиесілі. Бұйымдар осы уақыттың өзінде Тараз қалашығында сауда-саттықтың жақсы дамығанын айғақтайды.

Ақжан Оразбақова – “Ежелгі Тараз ескерткіштері” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурссия жетекшісі:

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан Таразға саудагерлер тоқтап отырған. Сол кезеңдегі адамдар мәдениет, ғылымды дамытқан. Мына қыш ыдыстарына химиялық сұйықтықтарды, иіс суларды құйып отырған. Сырланған ыдыстар осы күнеге дейін өте жақсы сақталған.

Алғашқы күні-ақ өңірге жеткізілген экспонаттарды тамашалауға келгендердің қатары қалың болды. Көппен бірге жәдігерлермен Қайрат Дүйсенбі де танысып жүр. Құрметті еңбек демалысына шыққан жерлесіміз қазіргі таңда өлкетану ісімен айналысады екен.

Қайрат Дүйсенбі – өлкетанушы:


– Тарихты өте жақсы көремін. Қазіргі шығып жатқан материалдарды зерделеп оқимын. Сол кездегі қолөнер өтежоғары деңгейде болған. Мені таң қалдырғаны қыштан жасалған су құбыры. Ол сынбаса, суға, отқа төтеп береді. Ол қазіргі пластиктерден мың есе артық. Менің пайымдауынша, бұл құбырды тасбақаның жұмыртқасы мен жылқының қылынан иленген қыштан жасаған.

Солтүстікқазақстандықтар,осы қыштан жасалған бұйымдарға ерекше қызығушылық танытты.

Назира Ысқақова: “Көптеген көне заттарды өз көзімен көргенде ерекше әсер алдым. Әйелдердің әшекейлері, қыштан жасалған әр түрлі ыдыстар көне заманан жақсы сақталғаны таң қалдырады”.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Ежелгі Тараздың қазыналары” көрмесі тамыздың 15 дейін жұмыс істейді.

Берік Қасен