Қоғам

Заңсыз жұмыс істейтін жеткіншектер көбейіп барады

Саят Ермек – тілші:


– Жазғы демалыста тынығудың орнына жұмыс істеп, нәпақа тапқанды құп көретін кәмлет жасқа толмаған жеткіншектер жетерлік. Олардың көбі балмұздақ сатады, парақшалар таратады, даяшы болып істейді. Бұған заң тыйым салмайды, бірақ ата-ана баласына жұмысқа тұруға рұқсат беретін қағаз жазып беруі шарт.

Сондай-ақ, 18-ді еңсермеген жасөспірімдерге атқаруға болатын қызмет түрлеріне де, жұмыс кестесіне де қойылатын шектеу бар.

Айгүл Сейіткереева, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:


– Жасөспірім физикалық тұрғыда ауыр, денсаулығына зиянды немесе адамгершілік тәрбиесіне зақым келтіру қаупі жоғары қызмет орындарында еңбек етпеуі тиіс. Сонымен қатар, кәмлет жасқа толмаған тұлға материалдық жауапкершілікті қарастыратын жұмыстарға да алынбайды.

Жаңа телефон, велосипед пен киім-кешек. Бұл игіліктер үшін ата-анамнан ақша сұрамай, өзім табамын дейтіндердің бірі – 14 жастағы Иван Фомич. Ол шаһардағы техника және электроника дүкендерінің бірінде промоутер болып қызмет істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, акциялық парақшаларды таратады.

Иван Фомич – оқушы:

– Қызметім көңілімнен шығады, қиын емес. Аптасына 4 күн, екі сағаттан жұмыс істеймін. Күніне шамамен 700-дей парақша таратып, 800 тенге табамын. Жалақымды апта сайын беріп тұрады. Ата-анамнан тиісті рұқсат бар. Оқу жылының басына дейін жаңа телефон сатып алсам деймін.

Иван ата-анасының рұқсатымен, заңды түрде қызмет етсе, жұмысқа ешбір құжатсыз, бейресми кіретін жеткіншектер де, заңды елемей, оларды қабылдайтын пысықай кәсіпкерлер де бар. Мұндайларды жергілікті полицейлер арнайы рейдтердің барысында анықтайды. Біреуіне біз де қатыстық.


Кәмлет жасқа толмаған, үйіндегілерінен қажетті рұқсат алмаған, келісім-шартқа отырмаған балғын жұмысшылар қалалық саябақта қаулап жүр. Мәселен, небәрі жарты сағаттың ішінде тәртіп сақшылары мұндай 5 жасөспірімді әшкереледі. Олар да, жауапсыз жұмыс берушілер де түсініктеме жазды.

Гауһар Рамазанова – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

– Балалардың заңды немесе заңсыщ жұмыс істеп жатқанын қадағалап, алдын-алу жұмыстарын жүргіземіз. Ақпаратты еңбекті қорғау департаментіне жібереміз, олар жасөспірімді келісім-шартсыз қабылдаған кәсіпкерлермен жұмыс жүргізеді.

Саят Ермек – тілші:

 


– Бұдан бөлек, заң бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер аптасына көп дегенде 24 сағат еңбек ете алады. Ал 16-мен 18 жас аралығындағы жерлестіріміз 36 сағат жұмыс істеуге құқылы. Оларға ата-анасының рұқсатын алу да міндет емес. Жеке куәлігі бар бұл жасөспірімдер бірден жұмыс берушімен еңбек шартына отыра алады.

Саят Ермек