Білім

ҰБТ мен ТКТ қайта тапсыруға құжаттар қабылданып жатыр

Саят Ермек – тілші:

– Осымен екінші жыл ҰБТ мен кешенді тестілеуден қажетті ұпай жинай алмаған талапкерлер сынақтан қайта өту мүмкіндігіне ие. Сүрінбесе, олар бір жылдарын зая кетірмей, қалаған ЖОО түсе алады. Қазірдің өзінде 250-ге жуық теріскейлік талапкер тестілеуден қайта өтуге ниет білдірген. Құжаттарды қабылдау әлі де жалғасуда.

Ольга Манченконың ҰБТ-да жолы болмады. 27-орта мектептің түлегі емтихан барысында асығыстық танытып, биология мен орыс тілі пәндерінің жауаптарын шатастырып алған. Алайда, бүгін бойжеткен тестілеуді қайта тапсыруға өтініш білдіру үшін келіп отыр. Осылайша, қажетті ұпай жинап, көңілі қалаған мамандық бойынша оқуға түспекші.

Ольга Манченко – талапкер:

– 47 ұпай жинадым. Ал университетке оқуға түсу үшін кем дегенде 50 балл керек. Енді өз бағымды тағы бір қайтара сынаймын, күнде дайындалып жүрмін. Дефектолог болғым келеді.


Ал жергілікті педагогикалық колледждің түлегі Данияр Шәріпов кешенді тестілеуде сүрінген. Петропавлдағы әскери институтқа оқуға түскісі келген бозбалаға математилық сауаттылықтан бір бал жетіспей қалыпты. Данияр да сынақты екінші рет тапсырып, жергілікті ЖОО-да электроэнергетик мамандығын меңгеруді жоспарлап отыр.

Данияр Шәріпов – талапкер:


– Мұндай мүмкіндіктің болғаны, әрине, ыңғайлы. Өйтпесе, бір жылым босқа кетер еді. Осы жолғы емтиханда бәрі ойдағыдай болуы тиіс.

Биыл ҰБТ тапсырған теріскейлік түлектердің 10 пайызы, ал ТКТ тапсырған талапкерлердің 30 пайызы шектік ұпайды жинай алмаған. Алайда, мойымай, екінші мүмкіндігін пайдаланғысы келетіндер алдағы екі күннің ішінде құжаттарын тапсырып үлгерулері тиіс. Оларды қабылдау тамыздың үшінде тәмамдалады. Тек тестілеу кітапшасы мен жауап парағы үшін 2242 теңге төлеу қажет. Ал сынақтың өзі тамыздың 15-і мен 19-ы аралығында өтеді.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер бойынша проректоры:

– Талапкер екінші тестілеуден де сүрінсе, ол СҚМУ-ға шартты түрде оқуға түсе алады. Яғни, шекті ұпай жинасын-жинамасын біз олардың құжаттарын қабылдап, жарты жыл бойы оқытамыз. Ал олар қаңтарда болатын үшінші кешенді тестілеуді тапсырады. Сәтті тапсырса, студенттер қатарына қабылдаймыз.

Сондай-ақ, тегін жоғары білім алуды көздеп отырған талапкерлердің құлағына алтын сырға! Тағы бір жаңашылдық – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дағы медициналық және педагогикалық мамандықтар үшін СҚО-ның әкімдігі биыл қосымша 75 грант бөліп отыр. Бұл жайлы толығырақ ақпаратты оқу ордасының ресми сайтынан білуге болады.

 

Саят Ермек