Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенат депутаттары жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Ең алдымен сенаторлар Тайынша ауданындағы Вишневка ауылының орта мектебіне соқты. Елді-мекендегі оқушылар жағдайы жасалмаған жерде білім алуға мәжбүр екен. Дегенмен, келер күзге дейін жаңа мектеп ғимаратын салу жұмыстары біржақты етіледі деп сендірді сенатор Ольга Перепечина.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


–  2019 жылға арналған бюджет жобасы 40 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қомақты қаржы ауруханалар мен апатты деп танылған мектептердің құрылысына бағытталған. “Вишневое” ауылдық округіндегі жалғыз білім ошағы апатты жағдайда болғандықтан, мұнда жаңа мектеп салу жоспарланған. Осы және өзге мәселелер 2019 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде есепке алынады.

Бұдан соң, сенаторлар «Вишневское» ЖШС-нің кеңсесінде аудан аграрилері және тұрғындармен жолықты. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар халық қалаулыларына өздерін бұрыннан мазалап келген сауалдарын жолдай алды. Солардың бірі – жол мәселесін депутаттар облыс басшылығымен бірлесіп шешпекші.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


–  Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, халыққа көмек көрсетуге дайынбыз. Мен Парламенттің 3 сессиясының нәтижесіне тоқталғым келеді. Биыл 84 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде ең алғашқы құжат ол 18-20 жылдағы бюджет. Бұл бағдарлама аясында өңірімізге 5 млрд теңге жергілікті облыстық жолдарды жөндеуге бөлінді. Және халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты да бірнеше жаңа заңдар қабылданған болатын.

Аудандағы үлгілі агроқұрылымдардың бірі – «Тайынша-Астық» ЖШС 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Үш серіктестіктіктен жасақталған ірі бірлестік басшылығы өсімдік және мал шаруашылығында алдыңғы қатарлы технологияларды іске жаратып жүр.

Анатолий Рафальский – «Тайынша – Астық» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Мен биыл Австрия мен Канаданы аралап келдім. Өзге елдегі шаруашылықтарды қарап, біздің климаттық жағдайларда қолдана алатын жобаларды түртіп алдым. Мәселен, жақын арада біз минералды тыңайтқыштардан сұйық тыңайтқыштарға көшуді жоспарлап қойдық.

Өңірге жасаған сапар аясында депутаттар «Тайынша-Астық» ЖШС-нің жұмысшыларына арналған демалыс орнына да соқты. Кешенде қонақ үй мен жатақхана, тренажерлық зал және монша бар. Ауыл еңбеккерлері мен олардың балалары мұнда күнделікті тегін дем алып, жаттығады екен. Ясная Поляна ауылына келген меймандар да осы жерде тыныға алады. Сондай-ақ, сенаторлар ауылдағы шағын жөндеу зауытының жұмысымен де танысты. Ясная Поляна ауылындағы бұл кәсіпорын 20 ғасырдың 50-інші жылдарынан бері үздіксіз жұмыс істеуде. Бүгінгі күні бұл нысанда 40-қа жуық ауыл тұрғыны еңбек етеді екен.

Анатолий Рафальский – «Тайынша – Астық» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:


–  Жақын арада біз жаңа “Норавита” зауытын іске қоспақпыз. Бұл зауытта өсімдіктер мен жануарларға пайдалы микроорганизмдерді өңдіретін боламыз. Бұл жоба – әлемдік зерттемелердің бірі. Жаңа өңдіріс орны жақсы нәтиже береді деген ойдамын.

Депутаттардың келесі аялдамасы – «Тайынша-Астық» ЖШС-нің сүт-тауарлық кешені болды. Шаруашылықта 800-ден астам асыл тұқымды мал бапталады. Олардың басым бөлігі голштин тұқымдас ірі қара. Шаруашылықтың осы мүйізділерге арналған 20 мың гектарға тарта жайылымы да бар.

Сергей Кульчицкий – «Тайынша-Астық» ЖШС-нің сүтті тауар кешенінің меңгерушісі:

– Сүт-тауарлық кешен 2008 жылы жасақталды. Нысанда 25 жұмысшымыз бар. Күніне 1000 шақты сиыр сауылады. Бір сауын сиыр 28 л көлемінде сүт береді.

Жалпы іс-сапардың соңында Ерік Сұлтанов фермерлерге әсіресе, сүтті бағыттағы ірі қара малдың басын көбейтуді тапсырды.

Альмира Жетписбай