Қоғам

Петропавлда қоғамдық қабылдау өтті

Қала тұрғыны Руслан Смағұлов бір қолынан айырылып қалған көршісінің қалайша қиналатынын көріп, осымен 15 жыл бойына оған көмек көрсетудің амалдарын қарастырып жүріпті. Осылайша, жақында жерлесіміз асханада ыдыс-аяқты ұстауға мүмкіндік беретін ағаш құрылғы ойлап тапқан. Құдайы көршісіне көмектескен соң Руслан өзге кембағал жандар да осы тың идеяның игілігін көру үшін “My Golden Way” серіктестігін ашады. Ағаш өңдеу цехында еңбектенетін 3 жұмысшы осы кезге дейін 30-ға жуық арнайы қысқышты дайындап шығарған. Оның игілігін теріскейлік жарым жандардан бөлек, көкшетаулықтар, тіпті елорда тұрғындары көріп отыр. Әр бұйымның құны – 5- 6,5 мың теңгенің шамасында.

Руслан Смағұлов – “My Golden Way” ЖШС директоры:


– Алдағы уақытта бұл құрылғыларды жеңіл материал, яғни пластмасадан жасағымыз келеді. Кәсібімнің одан әрі өрге жүзгенін қалаймын. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауға ауқымды мемлекеттік тапсырысқа қалай қол жеткізуге болатынын сұрау үшін келдім. Ыдыс аяқтан бөлек, түрлі құрал саймандарды, киім-кешекті ұстағыштарға сұраныс болар деген үміттемін.

Ал, қала тұрғыны Марат Найманов қоғамдық қабылдауға баспана сұрап келген. 3-ші топтағы мүгедектің үйі апаттық жағдайда екен. Қазір 6 адам паналап жатқан жер қысы-жазы қар мен судың ортасында қалатын көрінеді. Сондықтан, 59 жастағы мүмкіндігі шектеулі жерлесіміз жаңа пәтер алу үшін кезекке тұрғысы келеді.

Рахат Мәмбеталин – Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Мәселені заң жүзінде тыңғылықты қарастыру керек. Дегенмен, бұл сауал қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің құзырында. Ер азаматқа қол ұшымызды беруге тырысамыз. Жыл басынан біздің басқармаға мүгедектерді оңалту мәселесіне орай 8 өтініш түсті. Оның барлығы уақытылы қаралып, жауаптар жолданды. Көбіне, жерлестеріміз түрлі сауықтыру орталықтарында ем-дом қабылдауды сұрап, жүгінеді.

Айта кетсек, тамыздың бірінен “Нұр Отан” партиясының өңірлік филиалында “Кедергісіз келешек” айлығы бастау алды. Осыған байланысты қоғамдық қабылдауларда түрлі әлеуметтік мәселелер қарастырылмақ.

Тогжан Акмагамбетова