ТЖ

Өңір құтқарушылары жартыжылдықты қорытындылады

Шомылу маусымы басталғалы бері өңір аудандарында 9 адам суға батқан. 3-еуі – бала. ТЖД мәліметінше, кішкентайлар ересектердің қарауынсыз болған. Бір өкініштісі, өткен жартыжылдықтың статистикасымен салыстырғанда қайғылы оқиғалардың саны еш өзгеріссіз қалып отыр. Және қайталанатын жағдайлар ұқсас.

Алтай Тезекпаев – СҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының басшысы:


– Суға батып кеткен 5 адам арнайы құтқару құралдарымен жабдықталмаған орындарда, қауіпті жерлерде шомылған. Біреуі балық аулап жүрген. Су құрбаны атанған балалар көп жағдайда ересектердің қарауынсыз болыпты. Қазіргі таңда суға шомылу маусымы ресми түрде аяқталған жоқ. Біз халық арасында алдын алу шараларын өткізудеміз.

Спикерлердің айтуынша, аудандардағы су қоймаларында шомылуға арналған орындар жоқ. Адамдар көп жүретін жерлерде тыйым салатын белгілері де орнатылмаған Бұл жұмыстарға жерлігілікті бюджеттерден мүлдем қаражат қарастырылмайды екен.

Облысымызда өрт оқиғаларының саны да азаймай тұр. Жыл басынан 400-ге жуық факті тіркеліп, қызыл жалын 17 адамның өмірін жалмаған. Өрттердің 3/1-і облыс орталығында орын алыпты. Әдеттегідей, 74 пайызы жеке секторда болады. Оқиғалардың себептері түрліше.

Игорь Балеев, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

– Оқиғалардың дені отпен абай болмау, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдарынан орын алған. Сондай-ақ, жапа шеккендердің біразы үйлерінде электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбапты.

Қар түскенше дейін құтқарушыларға тыным жоқ. Қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтар қыс мезгіліне отын, жем-азық дақылдарын қамдауда. Осыған байланысты ормандар мен алқаптарда қадағалау шаралары күшейтілмек. Тракторлардың ұшқынды бәсеңдеткіш құрылғысымен жабдықталуы тексеріледі.

Берік Қасен