МТРА жаңалықтары

Ведомстоаралық жұмыс тобының отырысы өтті

Жыл басталғалы ғабитмүсіреповтік мемлекеттік қызметшілер 17 мың 296 қызмет түрін көрсеткен. Соның тек 167-сі ғана электронды форматта ұсынылыпты. Аудандықтар мұндай төмен көрсеткішті ауылды жерлерде интернет желісінің жоқтығымен түсіндіріп отыр.

Асхат Кенжебеков – Ғ.Мүсірепов ауданы әкімі аппаратының жетекшісі:

– Біз барлығы 103 қызмет түрін көрсетеміз. Ауданда 17 ауылдық округ бар. Солардың 8-інде «Конекшн поинт» өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары бар. Жуық арада оларды тағы 4 округте орнату жоспарланған. Бірақ ауылды жерлерде интернет жоқ. Сондықтан көбіне олар аудан орталығына келіп, не қызметтерді қағаз жүзінде алуға мәжбүр.

Ал ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері ауданда электронды форматта қызмет алатындардың саны тым аз екендігін сынға алып, насихат жұмыстарының ақсап тұрғандығын алға тартты. Тағы жиынға қатысушылар қалған 3 ауылдық округте де заман талабына сай өз-өзіне қызмет көрсету орталықтарын ашу керектігін ескертті. Мұндай сынға Уәлиханов ауданы әкімі аппаратының басшысы Азат Омаров та ілікті.

Жеңіс Қазиев- СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, ведомсвоаралық жұмыс тобының төрағасы:


–  Насихат жұмыстарын күшейту керек. Бұдан соң әкімдіктерде ішкі бақылау жүргізетін арнайы бір мемлекеттік қызметші болуы тиіс. Ал екі ауданда да ол жұмысты өзге мамандар атқарып жүр. Сондықтан жүктемесі артық. Бұл мәселені шешу қажет. Уәлиханов ауданында 11 ауылдық округтің 9-ында өз-өзіне қызмет көрсету орталығы бар. Сондықтан қалған 2-уінде де ашу керек.

Теріскей бойынша қазіргі таңда мұндай 295 орталық бар. Олардың жұмысы жайлы облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі ақпарат берді.

Азамат Байтеміров – СҚО әкімі аппараты бөлімінің меңгерушісі:

 

– Биыл 66 мемлекеттік органда тексеру жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 168 олқылық анықталды. Олардың дені Петропавл қалалық әкімдігінде жасалған. Негізінен қызмет көрсеткенде мерзімдер сақталмайтын көрінеді. Тағы керексіз құжаттарды талап ету фактілері анықталды. Осы сынды қателіктерге мемлекеттік қызметшілер жиі бой алдырады. Тұрғындардан екі арыз келіп түсті. Бірақ олар расталмады.

Жалпы үстіміздегі жылдың 6 айында облыстық әкімдік мамандары 1 млннан астам қызмет түрін көрсеткен. Соның 32 мыңы ғана қағаз жүзінде, ал қалғаны электрондық түрде ұсынылыпты.

Магжан Ахмадина