МТРА жаңалықтары

Қаңғыбас итті аулау үлкен дауға айналды

Жергілікті мал дәрігерлік бекет қызметкерлері атып тастаған қаңғыбас ит жайлы бейнеролик бірнеше күн ішінде әлеуметтік желілердің кеңістігін шарлап, қоғамдық резонанс тудырды. Оқиға куәгері Михаил Дедов, сұмдығы – мамандар төбетті аула толы балалардың көзінше өлтірді деп отыр.

Михаил Дедов – тұрғын:


– Мен ұлыммен қоқыс шығаруға шыққан едім. Кейін алаңқайға ойнауға кеткен балам шыр ете түсті. Қарасам жерде ит жатыр. Оны газельді тізгіндеген белгісіз жандар атыпты. Лезде жануардың маңына ауладағы балалар мен ересектер жетіп келді. Бір кішкентай қыз жылап, есінен танып қала жаздады. Бұл жеткіншектер үшін ауыр психологиялық күйзеліс болды.

Ал ит аулайтын мамандарды осы үй тұрғындарының бірі шақырыпты. Сөзінше, төбет жуырда оның қызын қауып ала жаздаған. Ал өзгелері жануардың жұртқа сес көрсетіп, қауіп төндіргенін жоққа шығаруда. Керісінше, балғындар да, ересектер де оны жақсы көріп, күнде тамақтандырып тұрған.

Татьяна Маналакий – тұрғын:


– Аулада кішкентай, қоңырқай келген ит жүретін. Біреуді қауыпты, зақым келтіріпті дегенді естіген жоқпын. Менің немерем де, өзге балалар да онымен ойнаушы еді. Атып тастады дегенді естігенде ол еріксіз жылады.

Жағдайды Петропавл қалалық мал дәрігерлік бекетінің басшылығы түсіндіріп берді. Қалай болғанда да төбеттің қожайыны болмаған, сәйкесінше ол қаңғыбас деп танылыпты. Қараусыз иттер адамдар үшін қауіпті. Ал жануарды ату үрдісін мамандар нормаға сай жүргізген.

Арман Кембаев – Петропавл қалалық мал дәрігерлік бекет директорының міндетін атқарушы:

– Біз пневматикалық қаруды мынадай дәрілік дротиктермен оқтап, иттерді атамыз. Ол өлмейді, тек ұйықтап қалады. Бұл қаңғыбас төбеттерді аулаудың ең гумандық әдісі. Бекетте оларды мәңгілік ұйқыға жібереміз, кейін арнайы орынға апарып, жағамыз. Шілденің 26-сы болған жағдай жайында айтсам, мамандар итті гараждардың маңында аулаған. Алайда, дәріден шок алған жануар бірден ұйықтамай, балалар алаңына дейін жүгіріп шығыпты. Оны сол жерде тұрғындар көріп қалған.

Бірақ, қаңғыбас иттерді қала тұрғындары өз беттерінше аулап, өлтіре алмайды. Бұған тек тиісті органдардың ғана құқығы бар. Ал жануарға қару жұмсаған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Саят Ермек – тілші:


– Бір айда Петропавл бойынша мамандар 200-ге жуық қаңғыбас итті аулайды. Олардың басым бөлігін қожайындары тастап кеткен. Осылайша жабайылаған иттер шағын тобырларға бірігеді. Олар кез-келген уақытта өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасап, қауып алуы әбден мүмкін. Алайда, кей қалалықтар мұндай иттерді өлтіргенше, стерильдеу амалдарын жүгінуді сұрап отыр. Олар тіпті, облыс әкіміне хат жазып, петиция толтырған. Қазірдің өзінде қаңғыбас иттермен күресудің мұндай әдісі әлемнің көптеген дамыған елдерде қолданылады.

 

Саят Ермек