Қоғам

Өңірімізге гендерлік саясат тақырыбында семинар-тренинг өтті

Бүгіндері қазақстандық нәзік жандылар ерлермен қатарласып, еліміздің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Сонымен қатар, әйелдер өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, бірқатары түрлі кәсіптің тұтқасын ұстаған.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің өңірде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгіндері облыс тұрғындарының 52,5 пайызын нәзік жандылар құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, өздерін депутаттыққа ұсынып отырған әйел азаматшалардың саны артып отыр. 217 халық қалаулысының 28 пайызы, яғни, 62-сі қыз-келіншек.
Бұл республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Мемлекеттік қызметте жүрген 4553 адамның 63 пайызы әйелдер.

Теріскейде әйел құқықтары мәселелерімен 12 үкіметтік емес ұйым айналысады. Биыл аталған салада 8 жоба іске аспақ. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия болса, 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар ең алдымен қыз-келіншектердің денсаулығына назар аударып, нәзік жандылардың экономикалық, саяси тұрғыда алға басуын қамтамасыз етіп, зорлық-зомбылықтың алдын-алу бағытында көмек көрсетеді. Ал бүгінгі семинарда халықаралық сарапшылар мен консультанттар гендерлік саясат заңнамаларын ұтымды қолдануға қатысты ақыл-кеңестерін беруде.

Светлана Ушакова – “Ұлттық және Халықаралық даму бастамалары институты” ҚҚ басшысы, Алматы қаласы:

– Біздің мемлекетімізде гендерлік саясат өз нәтижесін беруде. Коституциямыз бен өзге заңнамалардан жыныстық кемсітушіліктер алынып тасталды. Түрлі конвенциялар ратификацияланып, концепциялар қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, біздің елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша барлық жағдайлар жасалған.

Жалпы, еліміздің түрлі өңірлерінде осы мәселені қамтитын 15 шақты іс-шара ұйымдастырылыпты.

**************************************************
Теріскейге жасаған іс-сапарының аясында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен “Аналар үйінің” жағдайымен де танысты. Бүгіндері мұнда қиын жағдайға тап болған 9 жалғыз басты ана мен 11 бүлдіршін тұрып жатыр.

Ләззат Сүлеймен – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары:
– Бұл аналар үйінің толыққанды жұмыс істеп тұрғанын және қиын жағдайға түскендерге көмектесіп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы Тәуелсіздік алған жылдардан бастап әйелдер мен аналардың жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Оны барлық қоғам біледі. 03-38* Бірақта, зорлық-зомбылық мәселелерінде қиындықтар көп. Қазіргі уақытта осы жағдайдың 60 пайыздан астамы отбасында жасалып отыр. Бұған байланысты заңнаманы да өзгерту, зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша ұлттық комиссия бастамасымен көптеген іс-шаралар жүзеге асып жатыр.

Қаламызда “Ана үйі” қоғамдық қоры 2014 жылы құрылған болатын. Содан бері осы жерде 60 шақты әйел психологиялық, медициналық, тұрмыстық тұрғыда қолдау тапты. Жарты жылдан бір жылға дейінгі кезеңде естерін жиып алған жас қыз-келіншектер әрі қарай жұмыспен қамтылып, бұл жерден қоныс аударады.

Меруерт Көшембаева – “Ана үйі” ҚҚ координаторы:

– Қазіргі осы үйде тұрып жатқан 9 анаға түрлі жағдай жасаймыз. Мысалы, тігін цехымыз бар. Сонда арнайы тігіншіміз келіп, тігін тігудің қыр-сырын үйретеді. Мұндағы медбикеміз толығымен қыздарға ас пісіруді үйретеді. Міне, бос уақыттарында нәзік жандыларымыз осындай шаруалармен айналысады.

Осы жерде Ләззат Сүлеймен бүгін алғашқы қадамдарын жасай бастаған Нұрисламның тұсауын кесті. 11 айлық балақай анасы Мөлдір Молдағожинамен соңғы 10 ай бойы осы жерді паналап келеді.

Тогжан Акмагамбетова