Туризм

2019 жылы Айыртау ауданында жаңа туристік база ашылады

Шалқар көлі – қазақстандық, тіпті, шетелдік туристердің сұранысына ие Айыртау ауданындағы танымал мекендердің бірі. Оның жағасында ондаған демалыс базасы орын тепкен. Келер жылы тағы біреуі іске қосылмақ. Жаңа “Изумрудное” нысанының құрылысы мамырда басталған. Бүгінге дейін жұмыстың жартысы тәмам.

Владимир Воронов – “Изумрудное” демалыс базасының директоры, Айыртау ауданы:

– Жоба құны 54 млн. теңгені құрайды. Қазірдің өзінде 20 млн. теңге жұмсап үлгердім. Бұл қаражатқа 3 коттедж бен әкімшілік ғимарат тұрғызып жатырмын. 2019 жылы тағы бір коттедж және қонақ үй бой көтереді.

Құрылысы аяқталған соң бұл екі қабатты үйлердің бір-біреуі 20-ға жуық мейманды қабылдауға қауқарлы болады. Бірақ, мекеннің басты артықшылығы – тартымды табиғат пен таяқ тастам жердегі жағажай. Келер жазда ол абаттандырылып, адам танымастай өзгермек. Сондай-ақ, балаларға арналған алаңқай да салынады.

Сәуле Мәжікеева – Айыртау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

– Айыртау ауданы бойынша 37 демалыс базасы жұмыс істейді. Олардың 4-уі – балаларды сауықтандыру орталығы. 2017 жылы салаға 106 млрд теңге инвестиция құйылды. Биылғы жылы 10 база ашылды.

Шалқар-Имантау курорттық аймағының танымалдылығын айыртаулықтар әлі де арттыруға мүдделі. Жыл басынан бері мұнда тағы бір демалыс орны жұмысын бастаған. Ол – “Дара” туристік базасы.

Саят Ермек