Қоғам

Тимирязев ауданы 55 жылдық мерейтойын атап өтті

Агроном, механизатор, селолық округтің әкімі. Залда отырған бұл жандар түрлі жылдары Тимирязев ауданының дамуына сүбелі үлестерін қосып, талмай еңбек еткен. Бірі танап басында бел жазбай тер төксе, басқалары ел басқарған. Жиын барысында ауданның тарихына оның қазіргі әкімі Ербол Сағдиев қысқаша шолу жасады. 19 ғасырда мұнда саусақпен санарлық ауыл болған. 1954 жылы бұл ауданға қарасты Дмитриевка селосы тың игерушілердің алғашқы легін қабылдапты. Одан кейін бірнеше кеңшар құрылып, Қостанай және Көкшетау облыстарынан совхоздар қосылды. Осылайша, 1963 жылы картада Тимирязев ауданы пайда болған. Түрлі жылдары мұндағы аграрийлер мемлекетке 14 млн пұтқа дейін астық тапсырып отырыпты. Кейін темір жол станциялары, элеваторлар салынды. Халық үшін әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылды. Құрылыс, мәдениет, медицина саласы алға басты. Облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиевтің айтуынша, Тимирязев ауданы, әсіресе, 70-85 жылдар аралығында қарыштап дамыған екен. Аталған ауданға 24 жылын арнаған жерлесімізге салтанатты түрде мерейтойлық медаль табысталды.

Құдайберген Қалиев – Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы:


–  23 ауданның дамуы көзіміздің алдымызда. 70-85 жылдар аралығында аудан қарқынды дамыды. Астық облыс бойынша әр уақытта болдық. Тың игерушілердің үшінші буыны басқа жаққа табыс іздеп кетіп қалмай, біздің ісімізді жалғастырып жатыр. Сол қуантады.

Осы ауданда ауыл шаруашылығы саласында тер төккендердің тағы бірі – Қасшәріп Қайырбаев. Ақсақал ауданның 55 жылдық мерейтойын
көппен бірге атап өткеніне қуанышты.

Қасшәріп Қайырбаев – Тимирязев ауданының құрметті азаматы:


– Көп жыл агроном болып жұмыс істедім. Ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері атағын алды, құтты болсын. Ауданымыз жылдан жылға көркейіп өсе берсін.

Сондай-ақ, осы күні бірқатар жерлесіміз Тимирязев ауданының құрметті азаматы атағына ие болды.

Ауданның 55 жылдық мерейтойына арналған Мәдениет үйіндегі салтанатты жиналыс аяқталысымен, меймандар мен аудан тұрғындары орталық стадинға ағылды. Мұнда осы өлкедегі ауылдық округтер киіз үй құрып, келгендерді мол дастархандарымен қарсы алды. Ән шырқап, меймандардың көңілін көтерді.

Жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары келушілердің назарына театрландырылған қойылым ұсынды. Көрініске тың игеру жылдары арқау болды. 1950-60 жылдары өңірімізге эшалондармен Ресей, Украина, Буларусиядан көптеген жастар келген болатын. Олар осы жерде отау құрып, балал-шағасын өрбітті. Қазіргі таңда осы ауданда тың игерушілердің үшінші буыны тату-тәтті күн кешуде.

Театрландырылған қойылым концертке ұласты.

Осы жерде шашу шашылып, бейбітшіліктің белгісі ретінде аспанға түрлі-түсті шарлар жіберілді. Мерейтойды атап өтуге жиналған халық ұтыс ойындарына да қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды. Осылайша, бұл күні халықтың көңілі бір көтеріліп қалды.

– 55 жылдың ішінде ауданда құрылыс жұмыстары жақсы жүргізілді. Аурухана, жол, мектеп салынды. Мерекмемен құттықтаймын.

–  Ауданымыз жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Жолдар салынуда.

– Тимирязев ауданында 35 жылтұрамын. Балаларым осы жерде дүниеге келді. Ауданымызк өркейе берсін. Қарияларымыз аман болсын. Сол кісілерінің арқасында осындай күнге жетіп жатырмыз. Мерекемізқұтты болсын.

– Өтіп жатқан мерейтойбаршамызға құтты болсын.

Мерекеге орай, ашық аспан астында спорттық жарыстар да ұйымдастырылған.

Берік Қасен