МТРА жаңалықтары

Қытайлықтармен әріптестік жөніндегі келісім

Алдымен шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов аспан асты елінің азаматтарына өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді. Жүзеге асырылғалы жатқан бірқатар жобаларға да тоқталды. Қазіргі таңда шетелдіктерге нақ біздің облысымызда кәсіп ашу тиімді. Себебі өлкенің географиялық жағынан орналасуы ыңғайлы. Біз арқылы Ресей мен Қытай арасында еркін сауда айналымын табысты жүргізуге бар жағдайлар қарастырылған.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қалысынң әкімі:


– Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвесторлармен жұмыс істеу маңызды. Бұл туралы Елбасымыз ұдайы айтып тұрады. Біз облыс орталығына инвестиция тарту бойынша бірқатар шаруаны қолға алдық. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмысты жаңа кезеңге шығыруға септеседі.

Петропавл – өндірістік қала. Мұнда кез-келген кәсіп түрін, соның ішінде машина жасау саласын табысты игеруге болады. Сондай ауқымды жобаның бірін солтүстікқазақстандықтар алда қытайлықтармен бірлесіп жүзеге асырғалы жатыр.

Азат Шайкенов – “СҚО СП КАZ” ЖШС бас менеджері:

 

– Петропавл қалысында ауыр машина құрастыратын индустриалдық парк салмақшымыз. Осы жерде арнайы техниканың 50-ден астам түрі шығарылатын болады. Оның ішінде трактор, сұйықтықтар тасымалдайтын жүк көліктері, медициналық мақсатта пайдаланылатын машиналар бар. Техниканы құрастыратын желіні қытайдан алдыртамыз. Мамандарды өзімізде және қытайдың жоғары оқу орындарында даярлаймыз. Индустриалдық парк толық қуатына көшкенде шамамен 4 мың жұмыс орны құрылады.

Жоба құны – 65 млрд теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда аталмыш зауытқа қала шетінен 165 гектар жер бөлініпті. Инвесторлар индустриалдық парктің құрылысына келесі жылы кіріспекші. Кездесу барысында бұдан өзге жобалар туралы да сөз болды. Өңірімізге қант шығаратын зауыт қажет. Өйткені, облыста аталған өнім түрінің импорттық үлесі басым. Аспан асты елінің кәсіпкерлері бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді. Арадағы уағдаластық өзара әріптестік жөніндегі келісіммен бекітіліп, қос тарап ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойды.

Берік Қасен