Спорт

“Маунтинбайктен” республикалық чемпионат басталды

Мына жерге велоспорттың маунтинбайк түріне ден қойған жасөспірімдер жиылған. Барлығы 36 қатысушы. 15-17 жас аралығындағы спортшылар алғашқы күні кросс-кантриден бақтарын сынауда. Бұл сында әр команданың намысын 4 велошабандоз қорғайды.

Әр сайыскер орман ішіндегі жолдардың ой-шұңқырына қарамастан, мәреге жылдам жетуге тырысып бағуда. Солардың бірі – Денис Кузьмин. Тараз қаласынан келген жасөспірім бұл спорт түрімен бес жыл айналысып келеді екен.

Денис Кузьмин – жарысқа қатысушы, Тараз қаласы:


– Бірінші айналымның жолы жаман емес. Тараздық болсам да, бұл трасса мен үшін таныс. Себебі былтыр да осы қалада аталмыш жарыста сынға түскенмін. Биыл құрамамыз жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын.

Негізі, маунтинбайк – жолсыз жерде өтетiн веложарыс. Бұл – велоспорт бәсекесінің ең қауіпті әрі қиын түрі. Борки кентінде маутинбайктің критерийлеріне сай келетін учаскелер молынан – жолдарда бұрылыстар көп. Оның үстіне ойлы, дөңес жерлер жиі кездеседі. Сол себепті дода осы маңда ұйымдастырылған.

Светлана Дмитриева – жарыстың бас төрешісі:


– Қазақстан Республикасының 9-шы жастар спорттық сайысына 6 құрама қатысуда. Бұлар негізінен жоғары сынып оқушылары мен колледж студентері. Қуантатыны – велоспорттың маунтинбайк түрін таңдайтын жасөспірімдердің қатары жыл санап артып келеді.

Үш күндік жарыста велошабандоздар 3 кезеңде бақ таластырмақ. Республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталатын болады.


 

Дана  Ешкенова