Қоғам

ПИК төрағаларына арналған курстар бастау алды

Кооперативке жарна төлемейтін жауапсыз пәтер иелерін сотқа беру, тұрғындар жиналысы хаттамасын толтыру және үйге қатысты сметалық құжатарды рәсімдеу тәртібі. Осы және өзге де өзекті шаруаны атқарудың мән жайын қазір 25 ПИК төрағасы арнайы семинар барысында оқып біліп жатыр. Тренингті сала маманы, заңгер Татьяна Усманова жүргізуде.

Татьяна Усманова – СҚО ПИК қауымдастығының заңгері:


– ПИК төрағасы бір уақытта дипломат, психолог, іс жүргізуші және қаржы маманының қызметін атқарады. Сондықтан оның осы салалардағы білімі қажетті деңгейде болуы тиіс. Қазақстандық оқу орындары ПИК төрағаларын даярламайды, сондықтан оларға курстарда барынша көмек көрсетіп жатырмыз.

Семинарлар легі үш күнге жалғаспақ. Осы уақыт аралығында төрағалар кооперативке басшылық етудің қыр-сырын меңгеріп, өздерінің құқықтық сауаттылықтарын арттыра алады.

Раиса Хроменко – “Мечта” ПИК төрағасы, Абай көшесі, 102 үй 302 п.:

– 2012 жылдан бері төрағалық қызметтемін. Тұрғындар біздің жұмысымызды елемейді, жарна төлемейді. Осындай жағдайларда бізге не істеу керек? Нұсқаушымыз барлығын заңға сүйеніп шешудің жолдарын түсіндіріп жатыр. Бүгін тренингтің алғашқы күні, алайда көп нәрсені білдім. Енді үйренгенімді өз қызметімде пайдаланатын боламын.

Біліктілікті арттыру курстары мемлекеттік бағдарлама аясында елордалық ТҮКШ саласын жаңғырту орталығының бастамасымен тегін өтуде.

Сергей Худяков – СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:


– Бұл үшкүндік курстардан соң, тамыздың 6-сы мен 10-ы аралығында 5 күндік семинарлар басталады. Мұнда төрағаларға жылу есептегіш құралдарды орнату, энергия үнемдеу, кооператив жұмысына сандық технологияларды ендіру амалдары көрсетілетін болады. Мамандарды курстардан өтуге шақырамыз. Орындар саны шектеулі. Тренингтер 25 адамнан құралған 3 топта жүргізілетін болады.

Сабақтарға қатысу-қатыспау – әр төрағаның өз еркінде. Алайда, алдағы дүйсенбіде бастау алатын 5 күндік курстарда білімін тереңдетуді көздегендер облыстық ПИК қауымдастығына немесе қалалық тұрғын үй инспекциясына жүгіне алады.


 

Саят Ермек