Қоғам

Петропавлда “Мөңке күні” мерекесі өтті

Саят Ермек – тілші:


– Сенбілік таңда Пестрое көлінің айдынына шыққан қайықтардың саны ерекше көп. Бұған себеп бір – Петропавлда “Мөңке күні” фестивалі өтуде. Осымен үшінші сағат спорттық балық аулауды жаны сүйетін 30-ға жуық әуесқой балықтың бұл түріне қармақ салуда. Олар өңір аудандарынан және көршілес Ресейден келген.

Нақтырақ айтсақ, 15 қайыққа жайғасқан 24 қатысушының әрқайсысы бір қармақпен үш сағаттың ішінде мүмкіндігінше көп мөңке балығын аулауы тиіс. Доданы сағат 7 жарымда бастаған балықшылардың әлі жарты сағаттай уақыты бар. Бұл шақта Пестроеның жағажайында нағыз кулинАрия мерекесі өтуде. 15 петропавлдық аспаз балық сорпасының түр-түрін әзірлеп жатыр. Әр тағамның дәмі мен құрамы ерекше.

Асхат Бектұрғанов, “Скиф” қонақ үй кешенінің бас аспазы:


– Сорпаны мөңке және шортаннан пісіреміз. Оған 5 түрлі көкеніс қосамыз. Соңында балық уылдырығын да салмақшымыз. Бұл – басты ерекшелік. Ол тағамның дәмін ашып, пайдалылығын арттыра түседі.

Әне-міне дегенше балықшылардың сайысы өз мәресіне жетті. Ендігі кезекте, олардың үш сағатта аулаған мөңкелерінің салмағын өлшеу қажет. Қазір таразы алдында Наталья Гринь тұр. Бәйгеге түскен жалғыз нәзікжанды белгіленген уақытта 2,5 келідей балық аулап үлгеріпті.

Наталья Гринь – жарысқа қатысушы:


– Бұл менің хоббиім. Кішкентай кезімнен әкем мені өзімен алып жүретін. Балық аулағанда күйбелең тіршіліктен сәл дем алып, жеңілдеп қаласың. Сайысқа екінші рет қатысып тұрмын. Екі жыл бұрын тек үш-төрт балық қана аулап үлгерген едім, биыл 2 жарым келі. Жеңіс үшін жеткіліксіз, алайда қуанышымда шек жоқ.

“Мөңке күні” мерекесі осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің танымалдылығы жыл өткен сайын артып келеді.

Алена Третьякова, “Мөңке күні” аймақтық фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Бұл жай ғана сайыс емес, нағыз мереке. Бұл шара қалалықтарға ұнайды, сондықтан олар мерекенің өтуін күтеді. Біз осымен үшінші жыл спорттық балық аулау брендін қалыптастырып келеміз. Әлі де осы бағытта тер төгуге дайынбыз.

Жарыс қорытындысы бойынша үш сағатта 9 келі 165 грамм мөңке аулаған Қалық Жаров жекелей сында топ жарды. Ал командалық есепте Павел Новиков пен Михаил Щебетовтың жұбы үздік атанды. Мереке соңында жағажайдағы жамағатқа ауланған балықтан әзірленген сорпа үлестірілді.

Саят Ермек