МТРА жаңалықтары

Петропавлда мамандандырылған тергеу соты ашылды

Тінту жүргізу, қамауға алу немесе оның мерзімін ұзарту шешімдерін бұдан былай мамандандырылған тергеу соты шығармақ. Ал осыған дейін аталған санкцияларды шығару прокурордың құзіретінде болатын. Жаңашыл тәжірибе осы күні бірқатар мемлекеттерде қолданылады. Яғни, тергеу амалдары тікелей сот бақылауына көшкен. Биылдан бастап Қазақстан да осы жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Оның басты артықшылығы – процесстің ашықтығы мен мөлдірлігі.

Владимир Кириленко – Солтүстік Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы:

– Бұған дейін прокурор мәселелерді өзі ғана қарастырып, жеке ұйғарымына сай шешім шығаратын. Ендігі кезекте, тергеу сотының судьясы тұлғаның тағдырын сот отырысында шешеді. Ашық соттың отырысына адвокаттар, қорғаушылар, күдіктілер, жәбірленушілер және т.б. қатыса алады. Сол жерде тергеу судьясы өзінің пікірін білдіреді. Кез-келген материал бойынша шешім шығаруға 8 сағат беріледі.

Біздің өңір бойынша тергеу сотының судьясы қызметіне Қанат Бұрмағанов лайық деп танылды. Ал, облыстық тергеу сотының төрағалығына Дәурен Қайратұлы тағайындалды. Бұл саладағы мамандарға 19 түрлі өкілеттілік беріліп отыр. Наурыз айында оларға құпия тергеу әрекеттерін санкциялау да тапсырылған.

Берік Асылов – Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры:


– Бұндай өзгерістер сот жүйесін нығайтады, әрі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тергеу амалдарының түрлі кезеңдерін ашық сот процестерінде қарастыру қажет.

Алда тергеу соты судьяларының құзыреттілігі артуы мүмкін. Қазір оларға тергеуге қатысты санкцияларды ғана емес, процессуалдық шаралар бойынша да шешімдер қабылдау өкілеттігін беру қарастырылып жатыр.

Дана Ешкенова