Көлік және жолдар

Петропавлда ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Үстіміздегі жылы облыс орталығындағы көпқабатты баспаналар ерекше кейіпке енуде. Қазірде «Мирас Групп» серіктестігінің қызметкерлері, қаладағы 12 тұрғын үйдің сыртын, көрген көзге тартымды түске бояп жатыр. Соның бірі – Кәрім Сүтішев көшесінің бойындағы мына 23 үй. Іргесі 1987-ші жылы қаланған тұрғын үйдің сырты осы күнге дейін бір рет те әрленбеген.

Валентина Дидюк – «Маяк» ПИК төрайымы, К.Сүтішев көшесі 23 үй:


– Тұратын үйімізге әр беріліп жатқанына барша пәтер иелері риза. Жұмысшылардың ғимаратты бояп жатқандарына 2 аптадай болып қалды. Біздің мекен-жайды таңдап, баспанамызға өң бергені үшін қала басшылығына алғыс айтамыз.

Бұл шаруаны атқаруға қажет қаржы қалалық қазынадан бөлініпті. Үйлерден бөлек, биыл 10 көшеге де орташа жөндеу жүргізілуде. Ал бұл жұмыстарға қажет 1,8 млрд. теңге республикалық қордан бағытталып отыр. Мәселен, 20-шы ықшам аудандағы Хименко көшесінің 10 жыл ішінде тек шұрық-тесік бөліктері ғана жамалып келген. Биыл көшеге жаңа асфальт төселіп, көпқабатты үйлерге кіретін бұрылыстар қалыпқа келтірілуде. Оның үстіне мердігер учаскенің кей бөлігін 1-2 метрге кеңейтпекші. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да жаңартылған.

– Өзім осы ауданда тұрамын. Өзгерістерді байқап жүрміз. Қаламыз түрленіп келеді.

– Бұрын осы Хименко көшесінің кей бөлігінде тротуарлар мүлдем болмайтын. Саз-батпақ кешіп жүретінбіз. Енді жолдың жайы жақсарып қалды.

Қыруар қаржы облыс орталығының Былғары зауытына апарар жолға да қарастырылған. Осы күндері 2,9 шақырымдық жолға асфальт төселіп, қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамалар орнатылып жатыр. Өскемендік компания учаскідегі шаруаны тамыздың 20-на дейін аяқтап, қолданысқа бермек. Жалпы қала бойынша жөндеу көретін 10 көшедегі тас жолдардың жалпы ұзындығы 16,8 шақырымды құрайды.

Дулат Шарапиденов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


– Олар Жамбыл көшесінің Шухов пен Чайковский аралығы, Интернационал көшесі толықтай, Горький көшесінің Сүтішев пен Парфирьев аралығындағы бөлігі, Мүсірепов көшесінің Жамбыл мен Рижская аралығы, Хименконың Набережная мен Мир көшелері аралығындағы бөлігі, Жеңіс көшесінің Набережнаядан Болатбаев көшесі аумағы, Рыжов көшесі толығымен, Универсальный көшесінің Жұмысшы кентіне апарар айналма жол бөлігі, Сүтішев көшесінің Егемен Қазақстан мен Гоголь аралығы және Гашек пен Шухов көшелерінің аралығындағы шағын учаске. Орташа жөндеу жұмыстары қазан айына дейін толығымен аяқталады.

Петропавлда тозығы жеткен жарық бағандары да жаңаларына алмастырылуда. Өткен жылы Жамбыл, Сүтішев пен Жұмабаев көшелерінің бойындағы шамдар ауыстырылған. Осы жылы 9 көшедегі темірбетон бағаналар цинкіленген баламасына ауыстырылады. Заманауи, қуат көзін үнемдейтін шамдар Мир көшесі бойында да орнатылып жатыр.

Дулат Шарапиденов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


– Бір бағанада 2 жарықтандырғыш элемент қарастырылған. Бірі көліктер қозғалатын көше бойын, екіншісі адамдар жүретін жолды жарықтандырады. Соған қарамастан бұл жарықшамдар ескілеріне қарағанда қуат көзін 50 пайызға аз тұтынады. Аталған шаруаны қалада 4 серіктестік атқарып жатыр.

Көшелердегі қаумалап өскен ағаш бұтақтары ретке келтіріліп, майысқан, ескірген жол белгілері де жаңартылады. Бұдан бөлек, биылдан бастап кей көшелердегі асфальтқа салынатын жол белгілерінде термоплатикалық бояу қолданылмақшы. Осылайша, бұрындары 3 ай сайын жаңартылатын жолақтар, енді шамамен 5 жылға дейін түсін сақтап тұра алады. Шағын сәулет формаларының да шаһарға ерекше рең беретіні белгілі. Мұндай композияциялар қазірдің өзінде жерлестеріміз жиі суретке түсіп, тамашалайтын орындардың біріне айналған. Соның кезектісі – Бөкетов көшесі бойында орныталды.

Әлібек Естаулетов – Петропавл қалалық сәлет және қала құрылысы бөлімінің инспекторы:

– Бұл мафтың авторы «Арда-Арт» деген ЖШС. Астана қаласынан. Және мұның материалы, яғни құрамы денесі темірден жасалынған. Сырты әйнекпластигінен жасалынған. Сырты грунтталған. Сосын шкуркалайды. Соңында көлік бояғышымен үстінен сырлап өтеді.

Жыл соңына дейін қалада осы тектес тағы 3 композия пайда болады.


 

Бахыт Садвокасов