Қоғам

Тайынша ауданында ауылдықтар еңбекпен қамтылып жатыр

Наталья мен Александр Горбовскийлердің қорасында қазір 7 бас бұзау бапталуда. Малды жанұя жергілікті “Донецкое Нұрлы жол” серіктестігінен қарызға алған. Бір төлдің нарықтағы бағасы 50 мың теңге болса, агроқұрылым отбасына бір-біреуін 35 мың теңгеге сатыпты. Тағы 100 шақты бройлер тауығы мен 30 үйректі Горбовскийлер “Малиновский” жеке кәсіпкерлігінен төмен бағамен алған.

Наталья Горбовская – Донецкое ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Ауылда жұмыс жоқтың қасы. Маусымдық табысқа күн көру қиын. Сондықтан облыс әкімінің жобасы біз секілді өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған отбасылар үшін тиімді. Малды өзіміз өсіріп, сатып, пайдаға кенелеміз.

Мұндай жәрдем ауылдағы ағайынды еңбекпен қамту бағдарламасының аясында көрсетіліп отыр. Бұл – облыс әкімінің бастамасы. Оның аясында ірі шаруашылықтар қарапайым халыққа қолғабыс етуі тиіс. Осы тұрғыда белсенділік танытқан агроқұрылымдардың бірі – “Донецкое Нұрлы жол” ЖШС. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын серіктестік басшылығы бүгінге дейін 8 отбасына қолдау көрсеткен.

Ерназар Жұмағұлов – “Донецкое Нұрлы жол” ЖШС директорының орынбасары:

– Бағдарлама аясында 2018 жылғы төлдерді ауылдағыларға беріп жатырмыз. Мақсат – жұмыс қолдарын сақтап қалу, ауылдағылардың күнкөріс деңгейін арттыру.

Донецкое ауылдық округінің фермерлері қазірдің өзінде 86 адамға қолдау көрсетіп үлгерсе керек. Осылайша жоспарды 126 пайызға орындап қойыпты. Аудандық көрсеткіштер де жаман емес.

Саят Ермек – тілші:


– Ауылда жұмыссыз отырған ағайынды еңбекпен қамту бағдарламасының жоспарын Тайынша қазірдің өзінде 104 пайызға, яғни артығымен орындап қойған. Ауданның ірі агроқұрылымдары бүгінде 1309 тұрғынға қолдау көрсетіпті. Олар көкөніс өсіру, құс және мал шаруашылығы, сондай-ақ омарташылықта енді өз-өздерін жұмыспен қамтып отыр.

Баян Тәшетова – Тайынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Бүгінге дейін тайыншалық агрқұрылымдар көкөніс шаруашылығы бойынша 411 адамға қолдау көрсетті. Осылайша жоспарды 152 пайзыға орындап қойдық. 586 адамға фермалардан 17 жарым мың бас құс үлестірсе, омарташылық бойынша 58 адам қолдау көрді. Оларға берілген омарталардың саны 64-ті құрайды.

Ал мал шаруашылығы бойынша тайыншалық фермерлер бүгінге дейін 262 адамға, яғни 95 отбасына қолғабыс еткен. Оларға жалпы саны 484 бас ірі қара төмен бағамен сатылыпты. Әзірге бұл бағыт бойынша жоспар 75 пайызға орындалған. Алайда, жыл аяғына дейін оны 100 пайыздан асыру көзделіп отыр.

Саят Ермек