Спорт

“Жасыл ел” жастар жасағының ұландары арасында спорттық сайыс өтті

Жасылелдіктердің арасында мұндай жарыстар апта сайын өтіп тұрады. Бүгін де жиылғандар эстафета аясында баскетболдан күш сынасуда. Алғашқы кездесу “Just do it” және “пончик” кұрамаларының араларында өтті. Ойынның басынан-ақ алғашқы команданың өкілдері басымдық танытып, алға суырылып шықты. Алма-кезек шабуылдармен алмасқан қос құрама бір-біріне дес берер емес.

Бұл жастар үйде бос жатпай, жазғы демалыстарын табиғат аясында өткізуді жөн санапты. Енді міне, табыс тауып қана қоймай, жұмыстан қолдары босағанда қызықты шараларға қатысып, көңіл көтереді. Мөлдір Әпсан да “Жасыл ел” бағдарламасы арқылы нәпақа таппақ ойда. Ол аталған жоба жастар үшін зор көмек дейді.

Мөлдір Әпсан – “Жасыл ел” жастар жасағының ұланы:


–  Мен биыл бұл бағдарламамен таныс болдым. Әрбір жастың ақша табуына үлкен мүмкіншілік бар. Көптеген қатарластармен танысып, достастым.

Жасылелдіктер футбол және жеңіл жеңіл атлетикадан да сынға түсіп, жүзден жүйрікті анықтады. Айта кеткен жөн, биыл “Жасыл ел” жалпыұлттық қозғалысы аясында маусымдық жұмыстарға 300 шақты теріскейлік жас тартылған. Олардың басым бөлігі орман шаруашылықтарында еңбек етуде. Ал, қалған 20 белсенді ұл-қыз шаһар ішіндегі жұмыстарға тартылыпты.

Роксана Орынбасарова – СҚО жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі:

 


– Бұл шараны жастар ресурстық орталығы мен “Жас ел” жастар жасағының штабы бірлесіп ұйымдастырды. Белсенділер ағаш отырғызып, жағажайларды жинаудан бөлек, шаһарда өтіп жатқан спорттық шараларға да жиі-жиі ат салысып, жүлделі орындарға ие болады. Осылайша, “Жасыл елде” ұландарымыз өздерімен қатарлас жастармен танысып, бірге жұмыс істейді. Олардың уақыттары көңілді және пайдалы өтеді деген ойдамын.

Жарыс соңында барлық қатысушылар мақтау қағаздары және құнды сыйлықтармен марапатталды.

Альмира Жетписбай