Спорт

Петропавлда 4 күндік веложарыс өз мәресіне жетті

Бұл – Ш.Уәлиханов көшесіндегі айналма жол. Бүгін әр құрамадағы 6 велошабандоз осы жерден бастап, 35 шақырымды жүріп өтуі тиіс.

Командалар жарыс жолында бір-біріне дес берер емес. Әр шабандоз ұзақ дистанцияны жылдам жүріп өтуге тырысып бағуда. Дегенмен, критериум сынында теріскейлік велошабандоздардың жолы болып, қарсыластарын шаң қаптырып кетті.

Илья Кочетков – жарысқа қатысушысы, СҚО:


– Біз барымызды салып сынға түстік. Жарыс оңай болған жоқ. Құрамамыз батысқазақстандықтардан тек қана 1 ұпайға озып кетті.

Барлығы велоспорттан колледж және мектеп оқушыларының жазғы спартакиадасына еліміздің жер-жерінен 7 құрама қатысқан болатын. 50-ге жуық шабандоз 4 күн ішінде жекелей және топтық кезеңдерде өзара мықтыны анықтады.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасының аймақтық дене шынықтыру орталығының директоры:

– Осы жарыстар арқылы біз балаларды республикалық және халықаралық сайыстарға іріктейміз. Сонымен қатар, үздік атанған спортшылар ҚР Ұлттық құрамысы сапына енеді.

Сонымен, төрт күнге жалғасқан сайыс өз мәресіне жетті. Жалпы командалық есепте солтүстікқазақстандық велошабандоздар жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, екінші орынды батысқазақстандықтар місе тұтса, үздік үштікті Жамбыл облысының спортшылары тұйықтады.


 

Тогжан Акмагамбетова