Қоғам

Пестрое көлінің жағажайында “Салауатты өмір сүреміз” акциясы өтті

Бүгінгі шараны «жастар салауатты өмір салты үшін» ұйымы мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандары әзірлеген. Мерекеге жағажайда демалып жүрген әр түрлі жастағы жерлестіріміз қатыса алды.

Евгений Пеньков – акцияны ұйымдастырушы:


– Демалушыларға арнап футбол, квест және басқа да қызықты ойындарды өткізбекпіз. Жалпы бүгінгі акцияның мақсаты – халықты салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Сонымен қатар, демалушы жерлестеріміздің көңіл-күйін көтеру.

Іс шара барысында ТЖД мамандары суда батып бара жатқан адамға дер кезінде көмек көрсетудің амалдарын да түсіндірді.

Руслан Ерденов – Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері:

– Биылғы жаз маусымында өңірімізде 7 адам суға кеткен. Олардың үшеуі – балалар. Бірақ, қауіпсіздік елемейтіндер азаяр емес. Өйткені, құтқарушылар күн сайын 20 шақты шомылушыны ажалдан аман сақтап қалады. Сондықтан, бүгінгі жиында да әдеттегідей судағы сақтық шаралары жазылған жадынама қағаздарды таратпақпыз.

Кейін демалушылар үшін қызықты шаралар басталды. Жиылғандардың бірі “берегите воду” ойынында мықтыны анықтаса, басқалары футбол фристайлынан сынға түсіп, допты қақпаға тебуден сайысты.

Георгий Максименко бос уақытында достарымен жағажайға жиі келіп тұрады. Бүгінгі шара туралы әлеуметтік желіден білген жеткіншек, үйіне жүлдемен оралатын болды.

Георгий Максименко – демалушы:


– Мен футбол фристайлынан бірінші орынға қол жеткіздім. Жарыс өте қызықты өтті. Осындай шаралар қаламызда жиірек ұйымдастырылса деймін.

Көңілді шаралар кешке дейін жалғасты. Жағажайдағы мереке соңында жеңімпаздарға грамоталар мен “ЗдОрово живем” жазуы бар жейделер табыс етілді.

Альмира Жетписбай