Қайырымдылық

Науқас балғындарға көмек қажет

11 жастағы Анатолий Давыдков бейтаныс қонақтарды жылы жарқын жүзбен қарсы алды. Алайда, балақай туғалы бері тағдыр тауқыметін молынан көріп келеді. Толя небәрі 720 грамм салмақпен 6 айлығында дүние есігін ашқан. Ал өмірінің сегізінші айында клиникалық өлім тіркелген.

Кристина Ястремская – Анатолийдің анасы:

– Бұлшық еттері құрыса берді. Күніне 46 ұстамадан болатын. Бұған ағзасы шыдамай, балам клиникалық өлім жағдайында болды. 40 күн дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Алматы мен Астанада өткен реабилитациялардан соң бұл дерттен толығымен айықтық.

Целебралды сал ауруы, салмақ жетіспеушілігі және психикалық дамудың тежелуі. Бүгінде осы үш дерт Анатолийді арбаға таңып отыр. Балғынның ақыл есі бүтін, өзі тамақ ішеді, сөйлейді, мультфильм көргенді тіпті ән айтқанды жаны сүйеді.

Бұл жетістіктер 3 бірдей ота мен 15 шақты реабилитациялық курстардың нәтижесі. Анатолийдің ата-анасы оны Астана, Алматы, тіпті Ресей мен Қытайға апарған. Енді балақайды Словакиядағы оңалту орталықтарының бірі күтіп отыр. Шет елдегі бір айлық емнің құны 3 млн теңгеден асып жығылады. Қажетті соманың жартысын Словакиядағы қайрымыдылық қорларының бірі бөліпті. Алайда, отбасына жыл соңына дейін тағы 1 млн. 750 мың теңгедей қаражат қажет.

Кристина Ястремская – Анатолийдің анасы:


– Екі жаққа билеттерді жергілікті кәсіпорындардың бірі алып береді. 1,5 млн. теңге шетелдегі шотта жатыр. Енді қыркүйектің онына дейін, әрі кетсе жыл аяғына дейін қалғанын жинауымыз керек. Жомарт жандар көмек көрсетсе, орталықта 28 күн боламыз. Онда Толиктің омыртқасын түзеп берсе, балам өздігінен отыруға машықтанады деген сенімдемін. Денсаулығы да біршама оңалуы тиіс.

Ем-домға қажет қаржы – Кристинаның отбасы үшін едәуір ақша. Отанасы жұмыс істемейді, өйткені бауыр еті баласын бағады. Жанұяның 4 баласы бар. Жәрдемақы мен отағасының табысы күнккөрістен артылмайды. Сондықтан, жыл аяғына дейін мұндай соманы қаласақ та жинай алмаймыз дейді жерлесіміз. Амал қанша, отбасы қолы ашық, жүрегі мейірімді жандардың көмегінен үміттеніп отыр.

Көмекке Расул Нұржан да зәру. Осыдан 4 ай бұрын өзінің төртінші туған күнінде асыр салып ойнап жүрген бүлдіршін қазір төсекке таңылған. Ол былай тұрсын, өз ауызымен тамақ та ішпейді, сөйлемейді де. Ұйқыдан ояу уақытта тек жылай береді.

Руслан Нұржан – Расулдың әкесі:

– Ұйықтап жатқанда жұлқынатын болды. Кейін бұлшық еттері құрыса бастады. Кейде естен танып, құлап та қалатын. Қорқа бастадық, бірден ауруханаға алып келдік. Бұған дейін басқа бүлдіршіндер секілді ойнап, өсіп-жетіліп жүрген жалғыз баламыз аз ғана уақыт ішінде осындай күйге түсті.

Мамырдың 17-сінен бері Расул анасымен облыстық балалар ауруханасында жатыр. Белгілісі – бүлдіршіннің жүйке жүйесі зақымданған. Алайда, дәрігерлер нақты диагнозды әлі күнге дейін қоя алмай отыр. Әзірге ақ халаттылар кішкентай періштенің өмірі үшін қолдан келгенше күресуде.

Елена Бедина – облыстық балалар ауруханасы неврология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қазір баланың жағдайы ауыр. Астаналық әріптестерімізбен байланыстамыз. Қолымыздан келген сараптамалар мен талдамалардың бәрін жүргіздік. Әзірге жағдайын бақылауда ұстап отырмыз.

Астана мен Омбыдағы сараптамалар да дерттің себебін анықтай алмаған. Ал балақайдың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Сондықтан, Расулдың ата-анасы оны Корея еліндегі дәрігерлерге көрсетіп, дертке дауа іздеп көрмекші. Бірақ бәрі әдеттегідей ақшаға тіреліп тұр. Бұл үшін жанұяға 10 мың АҚШ доллары, шамамен 3,5 млн теңге қажет. Бұның өзі бастапқы сараптамаларды жасауға ғана жетеді екен.

Руслан Нұржан – Расулдың әкесі:


– Диагноз жоқ, қандай ауру екені белгісіз. Сондықтан кореялық клиникалар да қажетті соманы нақты айта алмай отыр. Әзірге депозитке 10 мың доллар салып қойыңдар, ауруды анықтаған соң көре жатармыз деді. Бірнеше клиникамен сөйлесіп, Расулдың талдамаларын жібердік. Алғашқы болып қоңырау шалған ауруханаға бірінші рейспен ұшып кетуді жоспарлап отырмыз. Алайда, қаражат жетіспейді, бәрі емге, қымбат дәрілерге жұмсалды. Қазір отбасылық бюджетте де ақша жоқ. Не істерімізді білмей отырмыз.

Амалы таусылған Руслан мен Ажар көмекті жүрегі мен қолы ашық жандардан сұрап отыр. Қазірдің өзінде Расулдың суреттері мен ата-ананың жан айқайы әлеуметтік желілердің кеңістігін шарлап жүр. Бүгінге дейін отбасының шотына жомарт жандар бір миллион теңгеден артық қаражат аударыпты.

Саят Ермек – тілші:


– Ал алдымыздағы жексенбіде “Сити молл” ойын-сауық орталығында, сағат 12*00-де Расулдың емі үшін ақша жинауға бағытталған қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді. Қазірдің өзінде игі шараға 80 шақты демеуші ат салысып, өз тауарларын саудаға қоюға сақадай сай отыр. Көмек қолын созуға дайын жандар өздеріне ұнаған заттарын сатып алу арқылы, балақайдың айығып кетуіне үлестерін қоса алады. Өйткені бар қаржы кішкентай жерлесіміздің есеп-шотына аурдарылады.


 

Саят Ермек