Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайыншада гемодиализ кабинеті ашылды

Саят Ермек – тілші:


– Жедел немесе созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын азаматтардың бұл органы жұмыс істемейді, яғни ағзадағы қанды тазартпайды. Бұл жандар екі күнде бір рет гемодиализ процедурасынан өтуі керек. Бұған дейін бұл үшін ауылдағы ағайын облыс орталығы Петропавлға жол тартуға мәжбүр болған. Енді ерсілі-қарсылы сандалудың еш қажеті жоқ.

Себебі, “Нефролайн” диализдік орталықтар желісі Тайынша аудандық орталық ауруханасында гемодиализ кабинетін ашты. Енді беті қайтпайтын бұл дертке шалдыққан тұрғыдар қажетті емді осы жерден алады.

– Чкалов ауылында тұрамын. Үш жыл болды бүйрегім жұмыс істемейді. Процедура өту үшін Петропавлға, “Нефрос-СК” орталығына баратынмын. Екі күнде бер рет шаһарға жол жүру қиын болды, әрі қалтадан қағатын. Енді мұндай кабинет Тайыншада да бар. Әкімдікке, биліктегілерге мың алғыс.

Бүйрек жетіспеушілігіне шалдығатын теріскейліктердің саны жыл санап артуда. Мәселен былтыр облыс бойынша 125 науқас тіркелсе, биыл олардың саны 137-ні құрапты. Бір ғана Тайынша ауданынының өзінде дерттің машақатын 12 азамат көруде. Сондықтан, бұл кабинет олар үшін – орындалған арман. Оның құны – 50 млн теңге. Қаржыны “Нефрос-СК” серіктестігі құйған. Медцициналық компания енді мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында ақшаны биліктен қайтарып алады.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:


– Аурухана мемлекеттік мекеме болған соң ол тек кабинет бөлді. Ал жеке меншік тарап инвестиция құйып, бөлмеде жөндеу жүргізіп, қондырғыларды сатып алды. Мемлекет әр процедура үшін компанияға ақша бөліп отырады. Осылайша, гемодиализді ауылдық жерде қолжетімді еттік.

Кабинет тайыншалықтардан бөлек, көршілес жатқан Ақжар, Айыртау және Уәлиханов аудандарының азаматтарын да қабылдайтын болады. Бұл өңір аудандарында жұмысын бастаған гемодиализ кабинеттерінің алғашқысы. Мұнда “Жасанды бүйрек” қондырғысының үшеуі орнатылған. Бір жұмыс күнінде олар 6, қажет болса 9 адамның қанын тазартуға қауқарлы. Бір процедура шамамен 4 сағатқа созылады.

Лилия Глызина – “Нефрос-СК” ЖШС директоры:


– Пациенттің тамырына ине салынады. Кейін қан аппараттағы фильтрге түседі. Мұнда арнайы ерітіндінің көмегімен уроникалық токсиндерден тазартылып, науқас ағзасына қайта оралады. Бұл процедурадан өтпесе бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын адамның ағзасы өзін-өзі улай бастайды. Жапондық қондырғы сапалы етіп жасалған.

Бір гемодиализ процедурасының құны 12 мың теңгеден сәл асады. Алайда, ауылдағы ағайын емді кепілдендірілген медициналық көмек пакеті аясында тегін алады. Тамызда “Нефрос- СК” мұндай кабинетті Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында да ашпақшы.

Саят Ермек