МТРА жаңалықтары

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Екі қолға бір күрек табамын деп келгендердің қатарында Даир Жұмабеков те бар. 24 жастағы жерлесіміз жәрмеңкеде өз мамандығына сай келетін жұмыс іздестіріп жүр.


Даир Жұмабеков – қала тұрғыны:


– 2015 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды дефектолог, логопед мамандығы бойынша тәмамдап, дипломмен ауылға кеттім. Ол жерде 3 жыл еңбек етіп, өтіл жинадым. Енді, қалада бір жақсы қызметке тұратыныма сенімім мол.

Құрметті еңбек демалысына шыққан жандар да осы жерде жұмыс іздеп жүр. Облыс орталығының тұрғыны Ескен Зикирин де қол қусырып отырмай, азын-аулақ ақша табу үшін жәрмеңкеге арнайы келген.

Ескен Зикирин – қала тұрғыны:


– Былтыр зейнетке шықтым. Зейнетақым минималдық. 55 мың теңге. Ол жетпейді. Қосымша табыс табу жағын ойлап жүрмін.

Барлығы бүгінгі шарада 58 кәсіпорын 520-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, негізінен мұғалім, тәрбиеші, аспаз, медициналық қызметкер сынды мамандарға сұраныс жоғары.

Алма Қасымғожина – Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:


– Мына жерде ілінген тізімде түрлі жұмыс орындары қарастырылған. Екі қолға бір күрек табамын деушілер өздері қалаған жерге қызметке тұра алады. Тек білімі мен білігі сәйкес келуі керек. Біз бос жұмыс орындары жәрмеңкесін дәстүрлі түрде ай сайын ұйымдастырамыз.

Жыл басынан Петропавл қаласында осындай 7 шара өтіп, 925 тұрғын тұрақты еңбекпен қамтыған. Бұдан басқа, биыл жұмыссыз жүрген 4 мыңнан астам петропавлдық түрлі қызметке орналасқан. Дегенмен, бүгіндері шаһарымызда 1200-ге жуық жерлесіміз екі қолға бір күрек таба алмай жүр.

Тогжан Акмагамбетова