Көлік және жолдар

Омутки өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Омутки өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Бүгіндері іс аяқталуға жақын. Қазір мердігер компания қызметкерлері учаскіні жабдықтау шараларын жүргізуде
.

Аталмыш көпір өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған екен. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Нәтижесінде апаттық жағдайда деп танылған болатын. Қазір мұнда ескі көпірдің жұрнағы да жоқ. Ол түгел бұзылып, толығымен жаңартылды.

Асқарбек Тілеубаев – «Мостостроительный отряд №25 имени Рязанова А.» ЖШС жоба жетекшісі:


– Ешқандай сұрақтар, қиындықтар болған жоқ. Туындаса да уақытылы шештік. Жұмысшы қолы, техника жеткілікті болды. Қазір қалған жұмыстар – жолға белгі салу, бекіту шараларын уақытында аяқтаймыз. Құрылысқа біз 5 жыл кепілдік береміз. Ал нысанды 50 жылға пайдалануға жарайды
.

Жалпы құрылыс жүргізілген аумақ 500 метрді құрайды. Жөндеу жұмыстарына 380 млн. теңге қаржы бөлінді.

Болатбек Айтбаев – «Қазавтожол»ҰК» АҚ СҚОФ директоры:


– Көпірдің бұрынғы ұзындығы – 43,5, ені – 9 метр болатын. Жаңадан салынған көпірдің ұзындығы – 45, ені – 14 метрді құрайды. 95 пайыздан астам жұмыстар қабылданды. Енді жабдықтау шаралары ғана қалып отыр. Жоспарға сай тамыздың 20-на қарай барлық шаралар 100 пайыз бітеді.

Осы жолдың бойымен жүретін тұрғындар көпірдің жөнделгеніне дән риза. Өйткені бұрынғысы кедейдің шапанындай жыртық-жамау күйде болған еді.

– Жиі жол жүремін. Бұрын көпірмен өту қорқынышты болатын. Соңғы уақыттарда көпірмен бір көлік қана өте алатын. Міне, жөнделіп, жақсы болды.


– Өткен жылы жол шұрық-тесік еді. Биыл жөнделіп жақсарып қалыпты. Діттеген жерге тезірек жететін болдық.


– Жолдың жөнделіп жатқаны жақсы. Әйтпесе бұрын көлікті жиі жөндеп, шаршайтынмын.

Келер жылы Соколовкадан Ресей Федерациясының Ишим қаласына апаратын жолдың 32 шақырымындағы Бармаши өзені арқылы өтетін көпірді де жөндеу көзделген.

Мағжан Ахмадина