Қоғам

Облыстық сотта кадр тапшылығы байқалады

Бүгінде өңірде Солтүстік Қазақстан облыстық соты мен оған бағынышты 24 аудандық, қалалық және оларға теңестірілген аумақтық сот органдары жұмыс істейді. Қазір осы аталған мекемелердегі әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің саны 302-ге жеткен. Бірақ, қазіргі таңда кіші құрам қызметкерлерінің тапшылығы байқалады.


Оян Мүтәләпов – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот әкімшілігінің жетекшісі:


– Өңіріміздегі аудандық және оған теңестірілген соттарда канцелярия меңгерушісі, сот отырысының бас маман-хатшысы мен жетекші мамандардың орны бос тұр. Жалпы жыл басынан облыстық сотта 24 байқау өткізілді. Нәтижесінде заңгерлік білімі бар 60 үміткерді таңдап, білім-білігіне қарай тиісті лауазымдарға тағайындадық.

Сот реформасындағы өзгерістерге сәйкес, үміткерлер жұмысқа ішкі және жалпы байқау негізінде тұра алады. Мысалға, соттың кадр қызметі осы салада жұмыс істейтін мамандарды өз араларынан таппаса, өзге мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметшілер арасынан іріктей алады. Брифингте фемида өкілдері тілшілер қауымына судья қызметіне тағайындау ережелерін де түсіндіріп өтті. Бұл жауапты лауазымға 5 жыл бойы сот отырысының хатшысы міндетін атқарған қызметшілер мен заңгерлік салада кемінде 10 жылдық еңбек өтілі бар жандар үміт арта алады.

Марал Құжрақаева – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сот әкімшілігінің персоналды басқару бөлімінің жетекшісі:


– Судьялық қызметке алғаш тұрғалы жатқан азаматтарға 3 ай көлемінде сынақ мерзімі беріледі. Оларға жекелей бейімделу жоспары да құрылады. Сондай-ақ, жұмысқа тұрған судьяға тәжірибелі сот құрамы көмек көрсетеді.

Жалпы брифингкке қатысушылар жергілікті соттардағы кадр тапшылығы мамандардың қызмет бабымен өзге өңірлерге ауысуы салдарынан туындағанын айтады.

 

Бахыт Садвокасов