Білім

Білім гранттарына өтініштер қабылдануда

Осы күні ІТ мамандары жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, аталған бағытқа бөлінген білім гранттарының саны әжептәуір. Бескөл орта мектеп-гимназиясының түлегі Алмас Меңдібаев мамандық таңдарда осыны ескеріпті. Әрі есеп-қисапқа да жақсымын дейді. Бірақ оқуын жергілікті жерде емес, Алматы облысында жалғастырғысы келеді екен.


Алмас Меңдібаев – талапкер, Қызылжар ауданы:


– Мен Бескөл орта мектеп-гимназиясының түлегімін. Болашағымды ІТ саласымен байланыстырғым келеді. Әрі оған грант көп бөлініп отыр. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Бірнеше отандық ЖОО-дарын қарап шықтым. Маған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұнады.

Дегенмен, осы жылы өзге аймақтардың оқу ошақтарынан көрі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін таңдап жатқан жерлестеріміздің қатары артыпты. Мұнда мемлекетік білім гранттарына өтініштер қабылдау науқаны шілденің 18-інен 28-іне дейін жалғасады. Осы ретте, алғаш рет жергілікті ЖОО-ндағы педагогикалық мамандықтарға былтырғыдан анағұрлым көп грант бөлінгенін айта кеткен жөн.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Биыл 500 грант серпіндіктерге, 300 грант СҚО-на квота ретінде педагогикалық мамандықтарға бөлінді. Облыс әкімінің 75 гранты тағы бар. Қалған бағыттар бойынша бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны тамыздың 3-нен кейін белгілі болады. Биыл ҰБТ-дан жоғары балл жинаған солтүстікқазақстандықтар аз емес. Тиісінше, өңірге республикадан берілетін гранттардың да саны былтырғыдан көп болады деген сенімдеміз.

Биылдан бастап М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жалпы тәжірибедегі дәрігер болғысы келетін азаматтарды оқуға қабылдауда. Олар да тегін білім алу құқығына ие. Тек ҰБТ-дан жинаған шекті баллдары 65-тен кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, мұнда химия-биология, тарих-география сынды бірқатар жаңа мамандық түрлері ашылды. Жалпы ЖОО-да 57 мамандық бойынша грант қарастылған. Олардың 7-еуі жаңадан енгізіліпті.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:


– Талапкерлер таңдаулы бейінді пәні бойынша 4 түрлі мамандық пен 4 жоғары оқу орнын таңдай алады. Шығармашылық емтиханды абитуриент құжатын берген университетте тапсырады. Грантқа ілікпей қалған жағдайда ол коммерциялық негізде кез-келген жоғары оқу орнын таңдай алады. Педагогикалық және техникалық мамандықтарға түсу үшін балл 50-ден кем болмауы керек. Қазіргі таңда ауыл шаруашлығы, білім беру, техникалық бағыттарға өтініштер тапсырып жатқандар көп. Бірақ, әдеттегідей экономика және құқық факультеттері талапкерлерді қабылдау бойынша көш бастап тұр.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы магистратура мен доктарантурада жаңа мамандықтар ашылыпты. Оларға да гранттар бар. Үміткерлер тамыздың 20-сына дейін емтихан тапсырып, тегін білім алуға өтініш тапсыра алады.

Берік Қасен