Қоғам

СҚО қысқы жылыту маусымына 300 мың текше метр отын дайындалады

Орманда қызу жұмыс. М.Жұмабаев ауданында отын дайындау ісіне “Петролеспром” серіктестігінің жұмысшылары бір ай бұрын кірісіпті. Қазір мұнда 7 адам тер төгуде. Солардың бірі – Вячеслав Шлямович. Оқыс оқиғалар туындамау үшін еңбеккерлер техникалық қауіпсіздік ережелеріне ерекше мән береді.


Вячеслав Шлямович – “Петролеспром” ЖШС жұмысшысы:


– Өрт қауіпсіздік ережесін сақтаймыз. Қажетті құралдардың бәрі бар. Мамандар рұқсат қағаздармен жұмыс істеуде. Техникалық қауіпсіздік те ескеріледі. Мен ағаш кескенде, маңайымда ешкім жүрмейді. Ыстық күндері орманға таңертең және кешке шығамыз. Осы іспен айналысқаныма 15 жыл болды. Жалақыны уақытылы алып тұрамын.

Жыл сайын облысымызда 500 мың текше метр отын дайындалады екен. Соның 200 мыңы өңделіп, материал ретінде қолданылады. Артылғанын орманды пайдаланушылар көмірге айналдырып, Қарағанды кремний зауытына жөнелтеді. Жалпы бүгіндері өңір бойынша бұл іспен 19 орман пайдаланушы айналысуда. Олар оталған ағаштардың орнын толтыру шарасына да ат салысады.

Марина Подоксёнова, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:


– Биыл қысқы жылыту маусымына өңір тұрғындары үшін 300 мың текше метр отын дайындалады. Орманды пайдаланушылар кесілген ағаштардың орнын толтыру ісімен жылда айыналысады. Бұл ереже орындалмаған жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мемлекетке келтірілген шығынның орнын толтыру үшін өтемақы төлейді.

Орманды пайдаланушыларға учаскелер 10 жылға дейін жалға беріледі.

Берік Қасен