ТЖ

Петропавлдық саяжайларда өртке қарсы рейдтік шаралар

Кезекті рейд шарасы “Парус” саяжай-қауымдастығынан бастау алды. Мұнда барлығы мыңға жуық учаске бар. Жуырда оның бірінде өрт орын алған. Келешекте мұндай жағдайдың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын ескерген абзал.


Руслан Ерденов – Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері:


– Көктем және жаз мезгілдерінде аумақтан жиналған қоқысты тұтатып, оны қараусыз қалдырудың салдарынан саяжайларда өрт оқиғалары жиілей түседі. Апаттардың алдын алу үшін жиылған қоқысты және шөпті кептірілген күйінде темір бөшкеде өрттеген жөн. Сондай-ақ, үй ішіндегі электр сымдары дұрыс жалғануы керек.

Осындай қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған екен. Яғни, олар өздеріне және өзгеге қауіп төндіргені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Дегенмен, ескерту рейдтері барысында кейбір азаматтар өрт сөндірушілердің кеңесіне құлақ аспайды. Ал енді біреулері мамандардың айтқандарын бұлжытпай орындап, қауіпсіздікті естен шығармайды. Александр Рашевский де, өз саяжайында апаттың болғанын қаламайды.

Александр Рашевский – қала тұрғыны:


– От тұтатқан кезде барлық ережелерді сақтаймын. Алдын-ала су дайындап қоямын. Сондай-ақ, кепкен шөпті аз-аздап жағамын, оттың жалындап кетуін болдырмау үшін жанында бақылап тұрамын. Ал, саяжай ішіндегі сымдар стандартқа сай тартылған.

Осындай рейдтік іс-шаралар апта сайын барлық саяжай учаскілерінде өткізіледі. ТЖД қызметкерлері бұл түсіндіру жұмыстары өрт шығу фактілерінің азаюына септігін тигізеді деген ойда.