Мәдениет

Петропавлда кино актері Асылболат Смағұловтың сурет көрмесі ашылды

Абыз ақсақалдар, көш бастаған тарихи тұлғалар және табиғат. Жерлесіміз Асылболат Смағұлов суреттерінің көп бөлігін туған жеріне арнаған. Картиналарында, әсіресе, тарихи тақырыптар көп қозғалыпты.

Асылболат Смағұлов – ҚР еңбек сіңірген әртісі, кино және театр актёрі:


– Тарихымыз көп бұрмаланып кетті. Шетелдегі сияқты таңбалы тастарымызды көбірек зерттеуіміз қажет. Мен жер жүзін аралап жүргенде осыны ұқтым.

Туындыларының біразын қылқалам шебері зейнет жасына келгенде салған. Соның 40-тан астамы солтүстікқазақстандықтардың назарына ұсынылды. Бұл – Асылболат Смағұловтың тұңғыш сурет көрмесі. Аталмыш шараның ашылуымен қылқалам шеберін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:


– Сізді аға көркем фильмдер арқылы жақсы білеміз. Бекежан, Балуан Шолақ, Махамбет рөлдерін жақсы сомдадыңыз. Жерлестеріңіз сіздің жетістігіңізбен қуанады.

Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жерлесімізге өңір жетекшісінің Құрмет грамотасын табыстады.

Актёрдың қолынан шыққан еңбекттерді көрермендер ерекше қызығушылықпен тамашалады. Араларында картиналарды сол жерде сатып алушылар да табылып жатты. Дәмелі Құсайынова Алматы қаласынан арнайы келген. Нәзік жандыға “Құстар әні” туындысы ұнапты.

Дәмелі Құсайынова – Алматы қаласының тұрғыны:


– Осындай құстарды әдемілеп салған суретті бірінші рет көруім. Алматының суретшілері көбінесе тауларды бейнелейді.

Көрмені тамашалаған жерлестеріміз суретшінің еңбектеріне жоғары бағаларын берді. Ал дарынды жерлесіміздің достары мен туыстары оның өзге де қырларына тоқталды.

Мұхамедияр Шаяхин – Асылболат Смағұловтың жерлесі:


– Асылболат Смағұлов сегіз қырлы азамат. Домбыра, гитарада ойнағанда бәрі қызыға қарайды. Бала кезінде әкесінің бюстін өз қолымен ағаштан қашап шығарды. Ол еңбегі талай байқаулардан бас жүлде алды.

Баян Баймұқанова – Асылболат Смағұловтың сыныптасы:


– Оның суретері терең мағыналы. Суреттірі жоғары деңгейде. Көрмеге келгеніме қуаныштымын.

Асылболат Смағұлов алда Ақан сері мен Біржан салдың мүсіндерін де жасауды жоспарлап жүр.

Берік Қасен