Спорт

Петропавлда 4 күндік веложарыс өтуде

Велоспорттан колледж және мектеп оқушыларының жазғы спартакиадасы теріскейде осымен 9 мәрте өткізілуде. Биыл шабандоздардың көпкүндік жарысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 7 құрама қатысып отыр. Байрақты бәсекенің 1-ші күні шайтан арбаны тізгіндеген спортшылар, жекелей сында 25 шақырымдық қашықтықты жүріп өтті. Бұл кезеңде Батыс Қазақстан өңірінің намысын арқалап келген Руслан Елюбаев, қарсыластарын шаң қаптырып кетті.


Руслан Елюбаев – велоспорттан спорт шеберлігіне үміткер, БҚО:


– Тактикалық тұрғыда еш қиындық болған жоқ. Тек өткір желдің салдарынан аяққа біраз салмақ салуға тура келді. Менің бүгінгі көрсеткішім 34 минутты құрады. Қарсыластарымның біреуі де осал емес, намысқа тырысып барымды салдым.

Ал мынау – Қызылжар ауданындағы Новокаменка-Архангелка тас жолы. Чемпионаттың 2-ші күнінде велошабандоздар 50 шақырымдық межені бағындыруы тиіс. Бірер сәттен кейін, 4 велоспортшыдан жасақталған командалар жарыс жолына шықты. Дәл қазір қатысушылар 25 км-ді артқа тастап, желмен жарыса жүйткіп келеді. Өкінішке орай, кей облыс сайыскерлері теріскейдің ауа райына шыдас бермей, трассадан шығып кетіп жатып. Бірақ, бабы келіскен құрамалар ұзақ дистанцияны барынша жылдам жүріп өтуге барын салуда.

Владимир Парахин – велосипед спортынан МОБЖСМ директоры:


-1-ші күннің қорытындысына тоқталсақ, 3-4-ші орындарды Жамбыл облысы мен астаналық құрама бөлісті. 2-ші тұғырға солтүстікқазақстандықтар тұрақтады. Басты фаворит – БҚ облысының спортшылары. Олар кешегі сында қарсыластарына еш мүмкіндік берген жоқ.

Ал шілденің 26, 27-сі күндері спортшылар топтық және жекелей сында 75 және 35 шақырымдық межені жүріп өтпек. Чемпионат соңында жеңіске жеткен велоспортшылар дипломдармен марапатталады.

Бахыт Садвокасов