Қоғам

Биыл Петропавлда 200-ге жуық азамат тұрақты еңбекпен қамтылды

Татьяна Рябухина орталықтың кызметі жөнінде туысқандарынан естіпті. Негізі, тауартанушылықты меңгерген. Алайда, біраз уақыт жұмыссыз отырыпты. Содан Жұмыспен қамту орталығына ол аспазшы мамандығының қыр-сырын біулге келеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап 3 ай бойы аспазшылыққа оқыған Татьяна бүгінде жергілікті дәмханалардың бірінде еңбектеніп жүр.

Татьяна Рябухина – аспаз:


– Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп отырғаны, әрине, қуантады. Жұмыспен қаму орталығында тұрғындар жаңа мамандыққа оқып, басқа кәсіпте мүмкіндіктерін сынай алады.

Сондай-ақ, аспазшы қазақ халқының ұлттық тағамдарын әзірлеуді ұнатады екен. Ол ұлттық асты дайындаудың жаңа әдістерімен де бөлісті. Татьяна көпшілікке дайындалатын бесбармақ пен сірнені бір немесе екі адамға арнап әзірлеуге болатынын атап өтті.

Айта кеткен жөн, Жұмыспен қамту орталығының мамандары күн сайын жұмыссыз жүрген 10-ға жуық азаматты қабылдап, оларға кеңес беріп, мамандықты дұрыс таңдауға жәрдемдеседі.

Жанар Нүркебаева – Қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:


– Біздің курстарымыз 9 оқу орнында өтеді. Тұрғындар жалпы 16 мамандық бойынша оқытылады. Олар: электрогаздәнекерлеуші, электриктер, ағаш ұсталары, сылақшылар, тігіншілер, шаштараздар мен есепшілер. Сондай-ақ, білім алушыларға оқу барысында шәкіртақы және жолақысы бөлінеді.

Биыл Жұмыспен қамту орталығының көмегіне 400-ге жуық адам жүгінген. Олардың тең жартысы екі қолға бір күрек тауып отыр. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бұл жұмыстарға жалпы 55 млн. теңге бөлінген екен.

Альмира Жетписбай