Бизнес және экономика

Әлеуметтік кәсіпкерлік дамуда

Ақжан Кәрім 5 жылдан бері бизнес жобаларды жасаумен айналысып келеді. Ал 2016 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік жайлы естіп, осы бағыттағы өзінің алғашқы жұмысын жасаған.


Ақжан Кәрім – «Әлеуметтік кәсіпкерлік» мектебінің жетекшісі:


– 2017 жылы байқауға қатыстым. Оған еліміздің түпкір – түпкірінен 402 адам өз жұмысын жіберген. Нәтижесінде 15 адам іріктеліп алынып, Алматыға аттандық. Кейін оның ішінде 5 адамға 1 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Осылайша, менің әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін мектебім жайлы жасаған жобам жүзеге асты. Наурыз айында ғимаратты жалдап, қажетті құрал-жабдықтарды алдық. Мекеме ашылған уақыттан бері бірталай жанға қолдау көрсетілді.

Қолдауға ие болғандардың бірі – Динара Өмірзақова. Ол осыған дейін гимнасттарға азын-аулақ киім тігумен айналысыпты. Алайда ісін одан дамытуға жүрегі дауаламай жүрген. Осы мектепке келген соң ісін алға бастырып, тіпті 1 млн теңге көлемінде грант жеңіп алған.

Динара Өмірзақова – «Dancing clothes» компаниясының директоры:


– Біз бірлесіп келешек істің жоспарын құрдық. Барлығын егжей-тегжейлі қарастырдық. Енді міне, бүгіндері ісім алға басып отыр. Қазір біздер тек солтүстікқазақстандық гимнастышыларға ғана емес, Шымкент, Алматы, Астана, Өскемен және Байқоңыр қалаларындағы балаларға да киімдер тігіп жатырмыз. Қосымша жұмыс орындарын құрдық. Келешекте мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасамақпыз.

Сөйтіп, жас кәсіпкер алдағы уақытта мүгедек жандарды тігіншілік ісіне үйретіп, жұмысқа қабылдамақшы. Тағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киімдер тігу де жоспарда бар. Жалпы мектепте Динарадан бөлек тағы 2 адамға бизнес жобаларын жасауға көмек көрсетілген.

Ақжан Кәрім – «Әлеуметтік кәсіпкерлік» мектебінің жетекшісі:


– Мектепке кез-келген адам келе алады. Біз компьютерлік және қаржылық сауаттылықты арттыруға көмек көрсетеміз. Бизнес ашуға қажетті ақпаратты да осы жерден алуға болады. Қазіргі уақытта қандай істің сұранысқа ие екендігін сараптап, бірлесіп жоспар құрастырамыз. Ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес жастарға да іспен айналысып, қоғамға пайда келтіруге болатындығын түсіндіреміз.

Бұл мектептегі оқу құны 10 мың теңгені құрайды.

Магжан Ахмадина