МТРА жаңалықтары

Заңсыз жолмен саудаланбақ болған 11 құлаққап тәркіленді

Мына құлаққаптар қаламыздағы базарлардың бірінен тәркіленді. Барлығы Битс Электроникс компаниясының бренді сияқты айна-қатесіз жасалыпты. Құрылғыларға зер салсақ әлемдік кәсіпорынның таңбасын байқаймыз. Сыртқы қораптарында да дәл сондай өрнекті көруге болады. Бірақ, бұл тауарлар шын мәнінде түпнұсқа емес. Олар көшірме ретінде жасанды жолмен әзірленіпті.


Эльман Танрывердиев – СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімнің бас маманы:


– Бізге шілденің 19-і күні қаламыздағы базарда өзгенің атын жамылып тауар сату фактісі бойынша арыз келіпті түсті. Мұндай мәліметті ала сала оқиға орнына жеттік. Сауда нүктесінен Битс Электроникс компаниясының брендімен сатылмақ болмақ 11 құлаққап анықталды. Заттарды тиісті құжаттары көрсетілмегендіктен тәркіледік. Заңсыз құрылғылардың жалпы құны 600 мың теңгеден асады.

Жергілікті кәсіпкер көшірме құлаққаптарды түпнұсқасың бағасымен өткізуге ниеттініпті. Яғни, ол ең арзан құрылғының өзін 100 долларға сатпақ болған. Алайда оның арам ойы іске аспады. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер де азаматтың қылмысы дәлелденсе, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жалпы, өңірімізде бұған дейін де осыған ұқсас заңбұзушылықтар тіркеліпті.

Мария Томас – СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімнің басшысы:


– Жыл басынан бері департамент өкілдері өзгенің атын жамылған тауар сатушыларды анықтау үшін 7 мәрте рейдке шықты. Іс-шара нәтижесінде 7 бірдей заңбұзушы анықталды. Олардан жалпы құны 270 мың теңгені құрайтын 100-ге жуық тауар тәркіленді. Осы үшін кәсіпкерлерге 500 мың теңгенің шамасында айыппұл салынды.

Айта кетейік, заңсыз саудадан алынған заттардың барлығы да жойылатын болады.

 

Байболат Култанов