Құқық қорғау органдары

СҚО-да террорлық акті туралы жалған ақпарат берудің 7 фактісі тіркелген

Өткен жексенбі сағат 11:00-де Петропавл қалалық ІІБ тағы да дүрлікті. Белгісіз біреу “102” қауырт желісіне қоңырау шалып, Мир көшесіндегі 327-ші үйдің жертөлесіне жарылғыш заттың қойылғандығы туралы хабар беріпті. Тәртіп сақшылары аталған мекен-жайға дереу жетіп, баспанадан 300-ден астам адамды қауіпсіз орынға эвакуациялайды. Бірақ, көппәтерлі үйдің ішін тінту барысында күмән тудыратын бұйым табылмаған. Жалған мәлімет берген күдіктіні полцейлер сол күні-ақ қолға түсірді. Ол аталған үйдің тұрғыны болып шықты.


Бүгінде аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Азамат Хасенов – СҚО ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:


– Күдікті ретінде Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан ұялы телефон мен SIM-карта тәркіленді. Ол террорлық акті туралы жалған хабар берген күні мас болыпты. Бұл туралы ұйғарымды бізге облыстық наркологиялық орталық берді
.

Жыл басынан ІІ органдарына террорлық әрекет туралы 7 рет жалған ақпарат түскен. Полицейлер заңбұзушылардың бәрін ізін суытпай ұстады. Қазіргі таңда 3 іс сотқа жолданыпты. Аталған факті бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Берік Қасен