Әр түрлі

Шілденің 27-сінде ай тұтылады

Айдың толық тұтылып, қанды қызыл түске боялуын жерлестеріміз соңғы рет желтоқсанда тамашалаған болатын. Ал оған дейін бұл сирек әрі әдемі астрономиялық құбылыс 2011 жылы орын алыпты. Шілденің 27-сі түнгі уаықтта жердің көлеңкесі табиғи серігін кезекті рет басады. Бұл үрдіс бір-екі минут емес, бақандай 1 сағат 43 минутқа созылмақ.


Андрей Солодовник – астроном, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ физика кафедрасының доценті:


– Жердің көлеңкесі айды толығымен жабады. Ал атмосфераны кесіп өтетін күн сәулелері оны қанық қызыл түске бояйды. Мұндай құбылыс екі жылда бір рет болады. Алайда, біз оны 6-7 жылда бір рет қана тамашалай аламыз. Бұл өте әдемі, көзбен көруге тұрарлық үрдіс.

Бірақ ай бұл уақытта жерге де, адамдардың денсаулығына да айтарлықтай әсер етпейді. Әрі кетсе, мұхит суының деңгейі сәл көтеріледі дейді ғалымдар. Дегенмен, жер серігінің бұл жолғы толықтай тұтылуы өзгелерінен ерекше болмақ. Себебі, түнгі аспанда күрең шеңбердің біреуін емес, екеуін бірдей тамашалауға болады. Астрономдардың болжамынша қызыл планета – Марс та дәл осы түнде жерге жақындап, адам көзіне көрінетін арақашықтықта болады. Ал бұл бір емес, мың жылда бір рет кездесетін құбылыс. Алайда, оны тамашалау мәртебесі Еуразия мен Африка құрлығының тұрғындарына ғана бұйырмақ.

Саят Ермек – тілші:


– Біздің жоғарыда көрсеткеніміз бұл тек компьютерлік графика ғана. Алайда, теріскейліктер айдың қан қызыл түске боялып, тұтылу құбылысын өз көзімен көре алады. Ол үшін шілденің 27-сі түн жарымда университеттің 5-ші оқу корпусының алдында орналасқан М.Жұмабаев саябағына келуі керек. Оқу ордасының обсероваториясы алаңқайға телескоп та орнатпақшы.


 

Саят Ермек