МТРА жаңалықтары

2020 жылдан бастап жеке тұлғалар декларация тапсырады

Келешекте тұрғындар өз атына тіркелген жылжымайтын мүлік, жер учаскесі, көлік құралдары және бағалы қағаздарын жаппай декларациялауға міндеттелмек. Меншігінде мүлкі бар кәмелет жасына толмағандар үшін де декларация тапсыру қажеттігі туындайды. Олар үшін бұл шаруаны ата-аналары немесе қамқоршылық органдары атқармақ. Аталмыш науқан 2020 жылдан бастау алады.


Жібек Клюкова – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:


– Декларацияны кәмелет жасына толғандар, жеке тұлғалар мен зейнеткерлер, оралмандар мен елде табыс тауып жүрген шетел азаматтары тапсырады. Тұрғындар мүлікті ғана емес, сонымен қатар үйде сақталған 500 минималдық айлық жалақыға дейінгі соманы заңдастыру керек. Қаражаттың нақты сомасын бастапқыда жасырмай дұрыс көрсеткен абзал. Өйткені болашақта пәтер немесе өзге де мүлікті сатып аларда ақшаның заңды келгенін дәлелдеуде қиындықтар туындауы мүмкін.

Фискалдық орган мамандары мұндай шаралар болашақта қазақстандықтардың қомақты қаражатының үйде жатпай, ел экономикасына жұмыс істеуіне серпін береді деген сенімде.

Жібек Клюкова – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– Үйіңізде 500 минималдық айлық жалақыдан, яғни 14 млн теңгеден артық қаражат болса, ол отандық банктерде сақталуы тиіс. Азаматтардың депозиттері туралы мәліметтерді бізге банктер өздері тапсырады. Ал шетел банктеріндегі депозиттер мен несиелер туралы деректерді жеке тұлғалар құжатта өздері көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, бір адамның алдында 14 млн. теңгеден артық берешегіңіз бар болса және ол құжат жүзінде бекітілген жағдайда салық органдарына хабар берген жөн.

Айту керек, алда кезек туындамау үшін бұл декларацияларды электрондық формада тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Берік Қасен