Спорт

“Құлагер” ХК айдындағы жаттығуларын бастады

Белгілісі бір – биылғы хоккей маусымы жергілікті жанкүйерлер үшін жаңашылдықтарға толы. Жіпке тізіп көрейік. Жаңа маусымда “Құлагер” құрамы біршама жаңартылған. Мәселен, Максим Волков, Константин Чеботаев және Виктор Луговской сынды алдыңғы қатарлы ойыншылар құрама сапында енді өнер көрсетпейді. Клуб президенті – Болат Карабалиннің де креслосын бостақаны белгілі.Тіпті, бас бапкер Вячеслав Белан да лауазымынан кеткен. Қазір бұл міндетті оның бұрынғы көмекшісі Олег Гущин атқаруда.


Олег Гущин – “Құлагер” ХК бас бапкері:


– Әрине, бұрынғы әкімшілік пен бапкерлік құрамның кетіп қалғаны өкінішті. Алайда менің де бас бапкер лауазымында тәжірибем бар. Жігіттер бұрынғы жүйе бойынша жаттығуда. Қазір жаңа ойыншылардың мүмкіндіктерін сынап, жаңа бестіктерді, жаңа комбинацияларды құрау үстіндеміз. Себебі, тактикалық тұрғыда өте маңызды хоккейшілер кетіп қалды. Жаңадан келгендері олардың орнын басады деген сенімдемін. Айтарым бір – бұл өзгерістер команда ойынына теріс әсер етпейді. Керісінше, көрсеткіштерімізді жақсартуға тырысатын боламыз.

Қазір клуб құрамының 50 пайызы – жаңа ойыншылар. Арасында жастары да, тәжірибелілері де бар. Көбі отандық хоккей мектебінің түлектері, алайда Ресейден келген азулылар да жоқ емес.

Максим Первухин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


– Ресейлік Қорған қаласының “Зауралье” командасынан ауысып келдім. Ұжым, бапкерлік құрам – бәрі көілімнен шығуда. Жігіттермен әлі айдында жаттықан жоқпын, бірақ тез тіл табысып кетеміз деп ойлаймын. Шабуылшы болғандықтан менің мақсатым – нәтижелі пастар беріп, барынша көп шайба соғу. Бірақ, бірінші кезекте – командалық ойын.

Шілденің 1-і мен 21-і аралығында құрама Теміртаудағы “Космонавт” демалыс базасында жаттығу жиындарын өткізген болатын. Мұнда спортшылар өздерінің физикалық дайындықтарын шыңдапты. Бүгін құлагерліктер ұзақ үзілістен кейін алғашқы рет айдынға шығып отыр. Әзірге, қарқын қалағандай емес, бірақ ойыншылар форманы бара-бара жинақтайтындарына сенімді.

Ильгиз Нуриев – “Құлагер” ХК капитаны:


– Айдынды сағынып қалыппыз. Соңғы бірнеше айда алғаш рет мұзға шығып тұрмыз. Бір жағынан қобалжып, екіншіден қуанып жүрміз. Практика болмаған соң сәл құлап-сүрініп жатырмыз, жылдамдық та жоғары емес. Алайда, бұл олқылықтар жақын арада түзеледі. Жанкүйерлерді әдемі әрі нәтижелі ойындармен қуантатын боламыз.

Клуб үшін басты мақсат – Перемьер лига құрамалары арасындағы ҚР ашық біріншілігінде топ жару. Осымен үшінші жыл құлагерліктер 5-ші орыннан әрі аса алмай келеді. Алдағы маусымның басталуына шамамен бір жарым айдай уақыт қалды. Бірақ, имек таяқ шеберлерін тамызда тағы бір маңызды сын күтіп тұр.

Саят Ермек – тілші:


– Тамыздың 18-і “Құлагер” Қарағанды қаласына аттанады. Мұнда олар кезекті Қазақстан кубогінде өнер көрсетпек. Былтырғы чемпион биыл да өз атағын қорғауға мүдделі. Ал тамыздың 25-і команда Петропавлға қайта оралады. Мұнда олар ҚР ашық біріншілігіне дайындықты жалғастырмақ.

 

Саят Ермек