Қоғам

Пестрое көлінде “Мөңке балығы” күні өтеді

Биыл дәстүрлі спорттық мереке Пестрое көлінің жағасында шілденің 28-і күні өткізілмек. Қазір шараға қатысуға ынталы үміткерлер тіркеліп жатыр. Бұл сайыскерлер таңғы 7 жарымнан қармақ құрып, неғұрлым көп балық аулауы тиіс. Оларға 3 сағаттай уақыт беріледі. Өткен жылы аймақтық сында, 6 келідей су асты жәндігін аулаған жерлесіміз дүйім жұртты тәнді етіп, жеңімпаз атанған.


Алена Третьякова – “Праздничный город” агенттігінің директоры:


– Ауланған балықты сол жерде өлшеп, жеңімпаздарды анықтаймыз. Әуесқой балықшыларды 5 білікті маманнан құралған кәсіби қазылдар алқасы бағалайды. Өстіп, спорттық бәсекеде алдына жан салмай, көзге түскен балықшыларды марапаттамақшымыз. Бұған қоса, биыл “көрермендер көзайымы” аталымы енгізді.

Табиғат аясында қармақ салуға РФ-ның Түмен, Омбы және Қорған облыстарынан да әуесқой балық аулаушылар келеді деп күтілуде. Додада кез-келген жерлесіміз бағын сынай алады, жолдама құны небәрі 1000 теңге. Бұл күнгі жарыста ауға түскен алуан түрлі балықтан, 150 литр дәмді сорпа әзірленеді. Ұйымдастырушылар шара арқылы, бірінші кезекте, балық шаруашылығы саласына жаңа дем бермекші.

Сайран Хамзин – СҚО рестораторлар мен отельерлер Ассоциациясының төрағасы:


– Өкінішке орай өңірімізде балық шаруашылығының кенжелеп қалған жайы бар. Шара тікелей осы саланы оң жолға қоюға бағытталған. Өздеріңіз білесіздер, СҚ облысы өзен-көлдерге бай аймақтардың бірі. Екіншіден, кезекті жарыс облысты тамашалауға келетін туристерді де тартуға екпін береріне кәміл сенемін.

Ал “Мөңке балығы күнінде” дайындалған дәмді балық сорпасы, жағажайға келушілерге тегін үлестіріледі. Сонымен қатар, мереке аясында демалушыларға спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама қарастырылған.

 

Бахыт Садвокасов