Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары баукеспені құрықтады

Шабуыл жұмыс күні аяқталған шақта орын алыпты. Жанар-жағармай бекетінің қызметкері сол күні түскен пайданы есептеп отырған. Кенеттен белгісіз біреу нысанның терезесін сындырып, қолына түскен қаражатты ала қашқан.

Аягөз Байменова – Петропавл қ. ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:


– 2018 жылғы 12 шілдеде «102» нөміріне жанар-жағармай құю станциясының тоналғаны туралы хабар келіп түсті. Жедел іздестіру шарасы барысында аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін бұрын істі болған Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Бұл факті ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баукеспе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Күдікті жарты млн теңгені қолды еткен. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол бекетке темекі сатып аламын деп келіпті. Алайда, алтын көрсе періште де жолдан таяды демекші, ақшаға көзі түсіп, оңай олжадан бас тарта алмаған.

Тәртіп сақшылары жанар-жағармай құю станциялары, ломбардтар, букмекерлік орталықтар мен бизнес-объектілер қылмыскерлердің нысанасына жиі ілігеді дейді.

 

Эльмира Садвокасова