Қоғам

Шаһардағы бірнеше көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Бұл – облыс орталығындағы көлік қозғалысы бір сәтке де толастамайтын Интернационал көшесі. Мұндағы жол маусымның 15-інен толықтай жаңартылып жатыр. Шаруаны қосымша мердігер “ЮА трансстрой” серіктестігі атқаруда. Қазір жол құрылысымен айналысатын компанияның жұмысшылары да техника да Интернационал-Сәтпаев көшелерінің қиылысына шоғырланған. Қызметкерлердің бір бөлігі асфальт төсеуге қамданса, енді бірі көшенің екі жағына жиектастар орнатып жатыр.

Нұрлан Мұрзабеков – “ЮА трансстрой” ЖШС бас инженері:


– Бүгінге дейін көшенің барлық бөлігіндегі ескі жиектастар алынып тасталды. Шаруаны мерзімінде атқару үшін жұмысшыларды бірнеше учаскіге бөліп қойдық. Тағы көше бойында 7 бірдей жолаушылар аялдамасы орнатылады. Бұл нысандарды ақпараттық тақтайшалармен жабдықтау қарастырылған. Жөндеу жұмыстарын тамыздың 30-на дейін аяқтаймыз.

Өстіп, серіктестік Интернационал көшесінің осы бөлігінен Смирново көшесіне дейінгі 3,5 шақырымына тақтайдай тегіс асфальт төсемек. Ал жолды жағалай еуропалық үлгідегі жасанды шөптер көмкереді. Сонымен қатар, шаһардағы Жамбыл, Мүсірепов пен Горький көшелерінде де орташа жөндеу жұмыстары қызу жүруде.

Аян Қасымов – Петропавл қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


– Биыл тендерді 4 мердігер компания ұтып алды. 4 көшедегі жиектастар жаңасына алмастырылады. Оның жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Гранитті тастардың сапасы шүбә келтірмейді. Оларды компаниялар Жамбыл облысының Қордай кен-байыту орнынан арнайы жеткізуде.

Үстіміздегі жылы қаланың бірқатар көшелерін орташа жөндеуден өткізуге 1,8 млрд теңге қаржы бағытталды.

 

Бахыт Садвокасов