МТРА жаңалықтары

“Жастар тәжірибесі” бағдарламасы оң нәтижесін беріп жатыр

Жастар тәжірибесі жобасы оқу бітіріп, қолына дипломын енді алған түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Жыл сайын ондаған теріскейлік аталған бағдарламаның шарапатын көреді. Солардың бірі – Степан ЛопухИн. СҚО жастар ресурстық орталығының техник-бағдарламашысы биыл ғана гуманитарлық-техникалық колледжді тәмамдапты. Қолына құжатын алған соң, ойланбастан жұмыспен қамту орталығына көмекке жүгінген. Енді, міне, өз мамандығы бойынша қызмет етуде. 2 ай бұрын ғана екі қолға бір күрек тапқан азамат, болашағын басқа салада елестете де алмайды.


Степан Лопухин – СҚО жастар ресурстық орталығының техник-бағдарламашысы:


– Жастар ресурстық орталығындағы жұмысым қызықты, сонысымен де өзіме қатты ұнайды. Себебі, мамандар күнделікті түрлі қоғамдық шараларды ұйымдастырады. Әріптестеріммен бір жанұядай болып кеттік. Офиста отырып, компьютермен жұмыс істеумен шектелмейсін. Тәжірибем аяқталған соң, қызметімді осы жерде жалғастырғым келеді.

Жыл сайын Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығына 100-ден астам еңбекке құштар жас келеді. Олардың дені заңгер, финансист, есепші, бағдарламашы мамандығында білім алған түлектер екен. 2018-ші жылдың бастапқы 6 айында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының аясында 56 солтүстікқазақстандық шаһардағы мемлекеттік орган, кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан.

Жанар Нұркебаева – Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:


– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бір бағыты жастар тәжірибесіне арналған. Бұл жоба аясында колледж немесе жоғары оқу орнын тәмамдағандар кез-келген кәсіпорынға қызметке тұруға мүмкіндік алады. Алдымен, мамандар 6 айлық тәжірибеден өтеді. Егер, азаматтардың жұмысы мекеме басшылығының көңілінен шықса, онда тұрақты түрде өз мамандығы бойынша еңбегін жалғастырады. Жалақысы – 60 мың 125теңгені құрайды.

Жастар тәжірибесінен бөлек, жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ересек адамдар үшін де түрлі бағдарламалар бар. Жалпы жыл басынан мамандардың көмегіне 3086 теріскейлік жүгінген. Бүгінде олардың 1000-нан астамы қызметке тұрыпты.

 

Эльмира Садвокасова